«Казцинк» компаниясы мектеп ауласына көшет екті
Облыста «Қазцинк» компаниясының қолдауымен әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға бағытталған экологиялық бастама жалғасуда. Бұл жолы Риддер қаласында жақында ашылған мектептердің бірінің аумағына жаңа ағаш көшеттері отырғызылды.
«Шаңырақ» мектебі есігін айқара ашқанына небәрі екі ай болды. Енді оның аумағы біртіндеп көркейіп келеді. Экологиялық акция аясында мектеп ауласына қылқан жапырақты ағаштар – майқарағай мен қарағай көшеттері отырғызылды. Олар мектеп ауласын көріктендіріп қана қоймай, оқушылар мен ұстаздар үшін жайлы әрі жасыл орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:
«Шаңырақ» мектебі екі ай бұрын жұмысын бастады. Бұл мектепті «Қазцинк» компаниясы әкімдікпен бірлесіп салған. Бүгін біз мектептегі жайлы ортаны қалыптастыру жолындағы маңызды істі аяқтағалы отырмыз. Қылқан жапырақты ағаштар отырғызамыз. Біреулер: «Ауа райы қолайсыз емес пе?» – деп сұрауы мүмкін. Алайда қылқан жапырақты ағаштарды өсірумен айналысатын мамандар бұл кезеңнің ең қолайлы уақыт екенін жақсы біледі. Қар түсіп, алғашқы суық басталған кезде отырғызылған шырша көшеттерінің жерсініп кету мүмкіндігі жоғары.
Мектеп аумағын көгалдандыру жұмыстары жаңа білім ордасын абаттандырудың жалғасына айналды. Уақыт өте келе қылқан жапырақты ағаштар мектеп ауласын көркейтіп, оның ажарын аша түседі. Сонымен қатар, экологиялық бастама өскелең ұрпақтың табиғатқа жанашырлықпен қарап, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Еркебұлан Махтиев, «Шаңырақ» мектеп-гимназиясының директоры:
Таза Қазақстан акциясы бойынша 100 көшетті отырғызып отырмыз мектеп ауласына. Әрине ол біздің мектебімізге, қаламызға өте бір керемет іс-шара болып табылады.
Көгалдандыру жобасы «Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп жүзеге асырылуда. Көшеттерді бөлу кезінде әлеуметтік нысандарға, атап айтқанда, мектептерге, балабақшалар мен интернаттарға басымдық берілді. Мұндай аумақтарды көгалдандыру қалалық ортаны жақсартып қана қоймай, табиғатқа деген жауапкершілікті арттыруға да ықпал етеді.
Елена Березинская-Абилова, «Өскемен тынысы» ҚБ төрайымы:
«Таза Қазақстан» акциясы аясында көктемде және күзде ағаш отырғызу жұмыстарын жүргіздік. «Балшыққа еккен – берекесін көреді» деген сөз бекер айтылмаған. Сондықтан ағаштарды барлық талаптар мен нормаларға сәйкес отырғызамыз. Бүгінде акциямыз өз мәресіне жетіп отыр. Осы уақытқа дейін 1700-ден астам ағаш отырғызылды. Ең қуаныштысы – сенесіз бе, олардың барлығы дерлік жерсініп, тамыр жайған.
Әлеуметтік нысандар мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру экологиялық бастаманың негізгі бағыттарының бірі болып қала береді. Бизнес өкілдері мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен күш-жігері Шығыс Қазақстанның қалаларын абаттандыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған.
Аяулым Усинова