Негізгі Жаңалықтар Өскеменнің энергетикалық қуаты артады

Өскеменнің энергетикалық қуаты артады

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Инвестициялар тарту жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Жиында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемен титан-магний комбинатындағы жағдай туралы баяндап, электр энергиясына жұмсалатын шығындарды азайту жөнінде ұсыныс білдірді. 

Өскемен қаласының энергетикалық инфрақұрылымын дамыту – уақыт талабынан туындаған маңызды міндеттердің бірі. Қала мен өнеркәсіп орындарының энергияға деген сұранысы артып келеді. Осыған байланысты жылу электр орталығын кеңейту және Өскемен титан-магний комбинатын тұрақты энергиямен қамту мәселесіне басымдық беріліп отыр. Биыл облыс орталығында Өскемен жылу электр орталығын кеңейтуге бағытталған үш жылдық жоба басталды. Құны 140 миллиард теңге болатын бұл жоба қаланың жылу энергиясына деген қажеттілігін өтеуге және жаңадан бой көтерген нысандарды жылу жүйесіне қосуға мүмкіндік береді. Жоба аясында 400-ден астам тұрғын үй, әлеуметтік және коммерциялық нысан қосымша жылумен қамтылмақ. Сонымен қатар, құрылыс жұмыстары кезінде 560 адам еңбекке араласады. Оның 53-і тұрақты жұмысқа орналасады.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Қазіргі уақытта қалада жылу қуатының тапшылығы 280 гигакалория/сағатты құрап отыр. Болжам бойынша, 2028 жылға қарай бұл көрсеткіш 348 гигакалория/сағатқа дейін жетуі мүмкін. Жобаны кешенді сынақтан өткізіп, пайдалануға беру үшін шетелдік мамандарды тарту қажет. Өйткені Қазақстанда өндірілмейтін арнайы жабдықтарды монтаждау, жүйеге біріктіру және іске қосу-баптау жұмыстары технологиялық тұрғыдан күрделі. Құрылыс кезеңінде жалпы 300-ге дейін шетелдік маман қажет. Оларды құрылыс кестесіне сәйкес кезең-кезеңімен тарту жоспарланып отыр. 

Энергетика саласындағы тағы бір маңызды мәселе – Өскемен титан-магний комбинатын электр энергиясымен қамтамасыз ету. Титан мен магний өндіру үшін электр қуатының мол көлемі және оның үздіксіз берілуі қажет. Комбинаттың мәліметінше, электр энергиясы құнының өсуі өнімнің өзіндік құнын арттырып, кәсіпорынның одан әрі даму мүмкіндіктеріне әсер еткен. Ал кәсіпорынды 2023–2033 жылдары жаңғырту бағдарламасы аясында 207 миллиард теңге инвестиция салу көзделген. Комбинатты электр энергиясымен қамтамасыз ету мақсатында Өскемен су электр станциясының мүліктік кешенін ұзақ мерзімді жалға беру мәселесі қарастырылып жатыр. Оны комбинаттың еншілес кәсіпорны – «UKTMP Green Power» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне беру ұсынылған. Жалға беру мерзімі – 10 жыл, әрі қарай ұзарту мүмкіндігі бар. Талқыланып жатқан талаптарға сәйкес, су электр станциясындағы қызметкерлер саны мен жалақысы сақталады. Сондай-ақ, станцияның инвестициялық бағдарламасын қаржыландыру жалға алушының міндетіне жүктеліп, артық өндірілген электр энергиясы Бірыңғай сатып алушыға сатылмақ. Қазіргі уақытта мәміленің түпкілікті талаптары келісіліп жатыр. Бұл жобалар жүзеге асса, энергиямен жабдықтау сенімділігі артып, өнеркәсіптің дамуына жол ашылады. Сонымен қатар, қаладағы жаңа нысандарды жылу желілеріне қосу мүмкіндігі кеңейеді.

Аяулым Усинова

Бөлісу