Ауыл балаларына үлкен мүмкіндік
Соңғы жеті жылда еліміздің білім беру саласында ауқымды өзгерістер жүзеге асырылды. Ауылдық жерлерде жаңа мектептер ашылып, оқушылардың сапалы білім алуына жағдай жасалуда. Сонымен қатар ауыл балаларының білімін жетілдіріп, болашағына жол ашатын түрлі жобалар да бар. Соның бірі – «IQanat» республикалық олимпиадасы. Биыл олимпиаданың бірінші кезеңіне 67 мыңнан астам сегізінші сынып оқушысы қатысты. Оның ішінде Шығыс Қазақстан облысынан 1 900-ден астам оқушы бақ сынады.
«IQanat» олимпиадасының алғашқы кезеңі – ауыл балалары үшін білім беру бағдарламаларына қатысуға жол ашатын алғашқы қадам. Бұл кезеңде оқушылардың математикалық және оқу сауаттылығы, логикалық ойлау қабілеті мен қазақ тілін меңгеру деңгейі кешенді тестілеу арқылы бағаланады.
Ардақ Ахметалина, Қасым Қайсенов кенті орта мектебінің директоры:
Бұл олимпиадаға 17 мектептен 300-ге таман оқушы қатысқалы отыр. Қатысатын оқушыларымызға сәттілік тілеймін. Себебі «IQanat» ауыл жастарының білімі мен талантты ұштастыратын бірегей жоба.
Олимпиаданың басты мақсаты – ауыл оқушыларының білімге деген құштарлығын арттырып, қабілетті балаларға қолдау көрсету. Жоба жеңімпаздарға ғана емес, өз білімін жетілдіріп, жаңа белестерді бағындыруға ұмтылған әрбір оқушыға мүмкіндік береді.
Мирас Жармұхаметов, Білім беру қорының заңгері:
Айқанат олимпиадасы - ШҚО 2018 басталған. кәсіпкер Айдын Жұмаділович өзінің ауылында олимпиаданы бастап, ауыл балаларына қол ұшын созайын деп олимпиаданы ұйымдастырып жатыр.
Балнұр Мубаракова да олимпиададан үлкен үміт күтеді. Сегізінші сынып оқушысы ата-анасының сенімін ақтап, болашақта грант иегері атануды мақсат етеді. Ол үшін «IQanat» – білімін жетілдіріп, арманына жақындай түсуге берілген үлкен мүмкіндік.
Балнұр Мубаракова, М. Ломоносов атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы:
Олимпиадаға мен ата-анамның үмітін ақтау үшін және де өзім 9-дан кеткеннен кейін грантқа түсуге жеңілдік болғаннан кейін келіп тұрмын.Себебі Айқанат ауылда оқитын балаларға мүмкіндік береді.
Ауыл балаларының білімге деген талпынысын арттырып, арманына қанат бітіретін мұндай жобалардың маңызы зор. Өйткені әр баланың бойында үлкен әлеует бар. Ең бастысы – сол қабілетті шыңдап, мүмкіндіктерге жол ашу.
Аяулым Усинова