Негізгі Жаңалықтар Өнер арқылы өрілген мейірім

Өнер арқылы өрілген мейірім

«Мейірім» республикалық қайырымдылық акциясы аясында «Үміт» арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығының тәрбиеленушілері облысқа қарасты Шемонаиха ауданына барып, көрермендерге концерттік бағдарлама ұсынды.

«Мейірім» акциясы ерекше көңіл мен қамқорлықты қажет ететін балаларға қолдау көрсетуге, сондай-ақ мейірімділік, өзара көмек және әлеуметтік жауапкершілік дәстүрлерін дамытуға бағытталған. Мұндай кездесулер адамдарды ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіріп, балалардың қабілеттерін шыңдауға және қоғамның қолдауын сезінуге мүмкіндік береді. Өйткені шынайы ықылас, жанашырлық пен ізгілік балаға өзіне деген сенім сыйлап, жаңа жетістіктерге жетуге шабыттандырады.

Ержан Шурманов, Шемонаиха ауданының әкімі:

Республикалық «Мейірім» акциясы аясында бүгін біз «Үміт» орталығының тәрбиеленушілерін қонаққа қабылдадық. Біздің шақыруымызбен олар ауданымыздың барлық туристік көрікті жерлерін аралап, музеймен танысты. Сапардың қорытынды шарасы ретінде «Үміт» орталығы тәрбиеленушілерінің дайындаған концерттік бағдарламасы ұсынылды. Оған барлық ауылдық округтердің өкілдері, ауданның белсенді азаматтары шақырылды. Сондай-ақ Шемонаиха ауданының тұрғындары балалардың өнерін тамашалап, шығармашылығымен танысуға мүмкіндік алды.

Аталған орталықтың тәрбиеленушілері аудан тұрғындарына концерттік бағдарлама ұсынып, жырдан шашу шашты. Кеш барысында түрлі қойылымдар мен әндер шырқалып, жарқын өнер көрсетілімдері көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Әлнұра Шойынбаева, тәрбиеленуші:

Мен екі ән орындаймын. Оның бірі – қазақша, екіншісі – итальян тілінде. Қазақша әннің маған ұнайтыны – әуені көңілді әрі қимыл-қозғалысқа толы. Ал итальян тіліндегі әннің ерекшелігі – тілі басқа, сондықтан біз сол тілді де меңгеріп, дамуымыз керек. Біздің ән репертуарымыз үнемі жаңарып отырады. Маған осы әнді орындау ұсынылды. Ән арқылы көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, олардың жүздеріне күлкі ұялатқым келеді.

Шығармашылық өнер көрсету балаларға өз таланттарын танытуға, көтеріңкі көңіл күй сыйлап, көрермендерге жылулық пен қуанышқа толы әсер қалдыруға мүмкіндік берді.

Гүлжан Салықбаева, «Үміт» балаларды қолдау орталығы директорының орынбасары:

Мұнда би де, ән де бар. Біздің мекемеде ересектер мен балалар арасында өте тығыз байланыс қалыптасқан. Сахнада тек балалар ғана емес, әртүрлі жастағы қызметкерлер де өнер көрсетеді. Оның үстіне, олардың барлығы педагогтер емес. Концертімізді тамаша вальспен ашамыз. Балалар ересектердің де өздерімен қатар өнер көрсетіп, ортақ іске атсалысатынын көреді. Музыкалық жетекшілеріміз де сахнада ән шырқайды. Осындай ортақ өнер арқылы балалар өздерін ересектермен тең сезініп, ән айтып, би билеп, қоғамға бейімделуіне мүмкіндік алады. Бұл олардың табысты әлеуметтенуіне ықпал етеді.

Мұндай кездесулер көрермендерге қуаныш сыйлап, балалардың қабілеттерін шыңдап, сахнада еркін болуына және ұжыммен жұмыс істеуіне ықпал етеді. Ең бастысы, олар қолдау мен ықыласты сезінеді. Осылайша, өткізілген «Мейірім» акциясы шынайы жанашырлық қарапайым істерден басталатынын көрсетті.

Аяулым Усинова


Бөлісу