Тарбағатай ауданының жәрмеңкесі
Өскеменде Тарбағатай ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. «Дала дәмі» деп аталған сауда алаңына ауданның тауар өндірушілері келіп, ет, балық және басқа да өнімдерін ұсынды. Шаруалар үшін бұл - өнімдерін тікелей тұтынушыға жеткізіп, сауда көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Ал қала тұрғындарына делдалсыз сауда жасап, ауылдың табиғи өнімдерін қолжетімді бағамен сатып алуға жағдай жасалды.
Жәрмеңкеге Тарбағатай ауданынан бірнеше тонна ет пен балық жеткізілген. Оның ішінде жылқы, сиыр және қой еті бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, өнім көлемі тұрғындардың сұранысын қанағаттандыруға бағытталған.
Мейрамбек Мұқатов, Тарбағатай ауданының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы:
ШҚО «Туған жер алтын бесігім» атты жобасы бойынша,Тарбағатай күндеріне келдік. Кеше көрме өтті, енді бүгін ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. Осы жәрмеңкеге біз 2 тонна балық, ірі қара, жылқы, қой еттерін алып келдік. 2,5-3 тонна жылқы еті 2,5 тонна ірі қара және 30 бас қой алып келдік. Соны қазір халықтың арасында саудалаудамыз.
Жәрмеңкеге қатысқан кәсіпкерлердің қатарында Жаңаауыл ауылдық округінен келген шаруалар да бар. Олар саудаға өздері өсірген малдың етін әкелген. Өнімнің сапасы мен бағасын тұтынушылардың өздері таңдап, саудагерлермен тікелей келісуге мүмкіндік алды.
Мадияр Қаныбекұлы, кәсіпкер:
Бүгін Тарбағатайдың жәрмеңкесіне бір құнажын, бір тай алып келдік. Етті сатып жатырмыз, Жаңаауыл ауылдық округінен келдік. Ауылдың етін, ауылдың таза табиғи өнімін алып келдік. Осында сатып жатқан жөніміз бар. Тайдың бағасы 3300 ден басталады 3500ге дейін. Сиырдың бағасы да 3300 ден басталады да 3500 ге дейін. Адамдар көп, халыққа тиімді және осындай жағдайды тағы жақсарта түссе, жәрмеңкелер көбірек болса, жеңілдіктер қарасытырылса нұр үстіне нұр болады.
Жәрмеңкеге келушілер де сауда барысына көңілі толатынын айтады. Қала тұрғындары ұсынылған өнімдердің сапасы мен бағасын салыстырып, өздеріне қажетті ет түрлерін таңдап алуда. Әсіресе ауылдан тікелей жеткізілген табиғи өнімдерге сұраныс жоғары.
Сауда-саттықпен қатар, шара концерттік бағдарламамен жалғасып, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Осылайша, тұрғындар үшін сауда алаңы ғана емес, ұлттық дәстүр мен мәдениетті дәріптейтін мерекелік орта қалыптасты. Мұндай жәрмеңкелер ауыл мен қала арасындағы байланысты нығайтып, жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға ықпал етеді. Өндіруші мен тұтынушыны тоғыстырған игі бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, өңірдің ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін бермек.
Бекарыс Әмірбек