Негізгі Жаңалықтар Өңір медицинасы жаңаруда

Өңір медицинасы жаңаруда

Заманауи технологиялар, жаңа медициналық мекемелер және мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру. Соңғы жеті жылда облыста денсаулық сақтау жүйесі бірнеше кезеңнен тұратын жаңғыртудан өтті. Медициналық инфрақұрылым дамып, құрал-жабдықтар жаңартылды, диагностика мен емдеудің жаңа бағыттары енгізілді. Соңғы жылдардағы маңызды жобалардың қатарында онкологиялық қызметті дамыту және мамандандырылған гематология орталығының құрылысы бар.

Басты бағыттардың бірі – онкологиялық көмекті дамыту. 2026 жылдың қыркүйегінде облыстық онкология және хирургия орталығында екінші желілік үдеткіш іске қосылған. Жаңа қондырғы сәулені ісікке дәл бағыттап, сау тіндерге әсерін азайтады. Орталықта жыл сайын 10 мыңнан астам адам мамандандырылған медициналық көмек алады. Жаңа жабдық өңір тұрғындарына жоғары технологиялық емді өз облысында алуға мүмкіндік береді.

Гүлмира Сағидуллина, Облыстық көпсалалы Онкология және хирургия орталығының директоры:

Бұған дейін орталығымызда бір желілік үдеткіш болса, енді екіншісі іске қосылды. «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен сәулелік терапияның қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік туды. Енді сәулелік емге мұқтаж Шығыс Қазақстан тұрғындарына басқа өңірлерге немесе шетелге барудың қажеті жоқ. Бізде білікті мамандар, заманауи құрал-жабдықтар және науқастарды сапалы емдеуге барлық жағдай жасалған. Бұл пациенттердің сауығып, қалыпты өмірге оралуына мүмкіндік береді.

Аймақта мамандандырылған медициналық көмектің мүмкіндігін кеңейтетін тағы бір ірі жоба – Өскемендегі гематология орталығы. Қан ауруларын анықтау үшін дәл диагностика, ұзақ мерзімді бақылау және арнайы ем қажет. Жеке медициналық кешеннің ашылуы өңір тұрғындарымен қатар, еліміздің өзге облыстарынан келетін науқастарға да сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Любовь Внукова, ШҚО бойынша штаттан тыс бас гематолог:

Орталықтың ашылуы облыстың шалғай аудандарында, мысалы, Алтай мен Зайсанда тұратын науқастар үшін үлкен мүмкіндік. Жаңа орталықтың жанынан пансионат та ашылды. Мұнда қалада туыстары жоқ пациенттер тексерілу мен ем алу кезінде тұра алады. Бұл – науқастар үшін үлкен көмек. Олар қалаға келіп, тексеруден өтіп, қажетті уақыт бойы пансионатта тұруына мүмкіндік бар.

Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында облыста жоспарланған 36 медициналық нысанның 35-і салынған. Соңғы жеті жылда жаңа мекемелер ашылып, медициналық жабдықтар жаңартылып, диагностика мен емдеу мүмкіндіктері де кеңейді. Ендігі басты міндет медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, білікті мамандар даярлау және ауруларды ерте анықтау

Бекарыс Әмірбек










Бөлісу