Негізгі Жаңалықтар «Менің сүйікті қалам» жобасы

«Менің сүйікті қалам» жобасы

Өскеменде «Менің сүйікті қалам» атты шығармашылық жоба өтті. Іс-шара аясында шаһардың көрікті жерлері мен тыныс-тіршілігін бейнелейтін картиналар көрмесі ұйымдастырылды. Көрменің ерекшелігі – жас суретшілер өз туындыларын Спорт сарайында келушілердің көз алдында салып, туған өлкеге деген сүйіспеншілігін өнер арқылы жеткізді.

Ұйымдастырушылар хоккей матчын күткен уақытты жанкүйерлер үшін тек спорттық емес, мәдени оқиғаға да айналдыруды көздеді. Ойын басталғанға дейін келушілер жергілікті суретшілердің туындыларын тамашалап, жас қылқалам шеберлерінің сүйікті қаласына деген махаббатынан туған картиналарын көруге мүмкіндік алды. Осылайша, өнер мен спорт бір алаңда тоғысып, Өскеменнің қазақ хоккейінің отаны ретіндегі орнын тағы бір мәрте айшықтады.

Бауыржан Қази, «Торпедо» кәсіби хоккей клубының директоры:

Жанкүйерлер мен келушілер бос уақытында, матчтың үзілістері мен тайм-аут кезінде қала суретшілерінің туындыларын тамашалай алады. Ал балалар сүйікті хоккейшілерінің суретін салуға мүмкіндік алды.

«Менің сүйікті қалам» жобасы аясындағы көрмеге Өскеменнің әсем көріністері, көшелері мен көрікті орындары бейнеленген картиналар қойылды. Әр туындыдан суретшінің қала тарихы мен келбетіне деген өзіндік көзқарасы аңғарылады. Экспозицияда кескіндемеден бастап графикаға дейінгі түрлі техникада орындалған шығармалар ұсынылды.

Наталья Авдеева, Шығыс Қазақстан облыстық өнер музейінің экспозициялық-көрме бөлімінің меңгерушісі:

Біз көрмеге ХХ ғасырдың соңында жасалған туындыларды ұсынып отырмыз. Олардың авторлары – Аштема, Чубук және Шығыс Қазақстанның басқа да танымал суретшілері. Шығармаларда қаламыздың әртүрлі аудандары бейнеленген. Туындылар майлы бояумен және графика техникасында орындалған. Келушілер көрмені тамашалап, суретшілердің еңбектерімен жақынырақ таныса алады.

Жоба аясында жас суретшілерге де ерекше орын берілді. «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің педагогінің жетекшілігімен оқушылар іс-шара өтіп жатқан жерде өз картиналарын салды. Оларға шабыт берген тақырыптың бірі – хоккей болса, енді бірі – спорт пен өнер сүйер қауымды тоғыстырған Спорт сарайының өзі. Осылайша, жас қылқалам шеберлері сүйікті қаласына деген көзқарасын шығармашылық арқылы бейнеледі.

Юлия Чайко, «Жұлдыз» балалар өнер мектебінің бейнелеу өнері пәнінің педагогі:

Балалар өздерінің сүйікті Спорт сарайын бейнелеп жатыр. Біз бүгін қаламызды шығармашылық тұрғыдан қолдау үшін осындамыз. Спорт пен өнер тақырыптарын ұштастырып, екеуін бір алаңда тоғыстыруды мақсат еттік.

«Менің сүйікті қалам» жобасы спорт пен өнердің өзара үндесіп, бірін-бірі толықтыра алатынын көрсетті. Ұйымдастырушылардың пікірінше, мұндай бастамалар ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, мәдени мұраны сақтауға және туған қаланың жаңа қырларын танытуға мүмкіндік береді.

Бекарыс Энгельс



Бөлісу