Негізгі Жаңалықтар Әлеуметтік масылдық

Әлеуметтік масылдық

Еңбек етіп, өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі бола тұра, мемлекет есебінен күн көруді әдетке айналдыру құпталмайтын іс. Әлеуметтік төлемдер жұмыс істеуден бас тартқандарды асырауға емес, қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсетуге арналған. Дегенмен қоғамда әлеуметтік масылдық мәселесі әлі де өзекті. Мұндай көзқарасты қалай өзгертуге болады? Мемлекеттік көмекті неге нақты мұқтаж жандарға бағыттау маңызды? Әріптесім тарқатсын.

Бұған дейін әлеуметтік қолдау шаралары кей жағдайда мұқтаж азаматтармен қатар, материалдық жағдайы жеткілікті отбасыларға да көрсетіліп келген. Мұндай тәжірибе бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына және әлеуметтік масылдықтың қалыптасуына себеп болды. Бұл мәселе Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында да көтерілді. Президент көмектің нақты мұқтаж жандарға бағытталуы керектігін атап өтіп, азаматтардың жәрдемақыға тәуелді болуына емес, өз бетінше табыс табуына жағдай жасау қажеттігін айтты.

Жанар Мүжібаева, Өскемен қ. Мансап орталығы жұмыс берушілерді қолдау секторының маманы:

Бұл бағдарлама жұмыссыз азаматтарға арналған. Олар жұмыс іздеп, бізге, жұмыс іздеушілерді қолдау секторына жүгінеді. Егер жұмыс табуда қиындықтар туындаса, біз оларға жұмысқа орналасуға көмектесеміз, жұмыс берушілермен сұхбаттасуға жолдаймыз. Сұхбат нәтижесі оң болған жағдайда, жұмысқа орналасуға жолдама береміз. 

Еңбекке қабілетті азаматтардың жұмысқа орналасуы – әлеуметтік масылдықтың алдын алудың негізгі жолдарының бірі. Ал тұрақты табыс адамның өз қажеттіліктерін өтеуіне және отбасының әл-ауқатын жақсартуына мүмкіндік береді. Өскемен қаласының Мансап орталығында жұмыс іздеушілерге кеңес берумен ғана шектелмей, оларды бос жұмыс орындарына бағыттау жұмыстары жүргізіледі. Мамандар атаулы әлеуметтік көмек көрсету секторымен бірлесіп, азаматтарды жұмыспен қамту бағытында да нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Жанар Мүжібаева, Өскемен қ. Мансап орталығы жұмыс берушілерді қолдау секторының маманы:

Бізде жұмысқа орналасудың бірнеше оң мысалы бар. Атаулы әлеуметтік көмек көрсету секторымен бірлесіп, 24 пен 33 жас аралығындағы бірнеше азаматты жұмысқа орналастырдық. Олар жұмыс іздеп, бізге жүгінді. Кейін жұмыс берушімен сұхбаттасуға жолдадық. Сұхбат нәтижесі оң болған соң, жұмысқа орналасуға бағыт бердік. Қазіргі уақытта олардың барлығы өз міндеттерін атқарып жүр. 

Әлеуметтік көмек қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсету құралы болып қалуы тиіс. Ал еңбекке қабілетті адамдар үшін басты міндет – ұсынылған мүмкіндіктерді пайдаланып, тұрақты жұмысқа орналасу және өз табысын қалыптастыру. Өйткені мемлекеттік қолдау азаматтың өз еңбегімен өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталуы керек.

Бекарыс Энгельс


Бөлісу