Тоғызқұмалақтан республикалық турнир
Көрнекті ғалым, түркітанушы Сәрсен Аманжоловты еске алуға арналған тоғызқұмалақтан IV Республикалық турнир өтті. Зияткерлік бәсеке Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 134 қатысушының басын қосты.
Турнирге ұлттық ойынның жас әуесқойларынан бастап, көп жылдық тәжірибесі бар спортшылар да қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бәсекелер ұлттық ойынды дәріптеп, оның жас ұрпақ арасында кеңінен таралуына ықпал етеді.
Жанетта Қалимолдина, Тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор:
Бұл турнирге 14 команда, 140 ойынға қатысушы спорстмендеріміз бар. Сонымен бірге, мен айтар едім: біздің бұл республикалық турнирімізге Алматы, Астана, Павлодар, Қостанай, яғни еліміздің түкпір – түкпірінен, әр жастағы ең қызығы 4 сынып оқушысынан бастап 60 жастан асқан зейнеткерлеріміз бар.
Тоғызқұмалақ ойыншылардан есепке жүйріктік пен стратегиялық ойлауды талап етеді. Әр жүрісті алдын ала жоспарлап, қарсыластың әрекетін болжай білу маңызды. Жас ойыншылар үшін ұлттық ойын жай ғана қызығушылық емес, ақыл-ойды шыңдайтын таптырмас жаттығу.
Нұрлы Амангелді, жарысқа қатысушы (ШҚО):
Мен тоғызқұмалақпен 7 жасымнан бері айналысамын. Бұл ойын маған өте қатты ұнайды. Өйткені ол қызықты әрі ойлау қабілетімді дамытып, түрлі есептерді оңай шешуге көмектеседі.
Турнирге ұлттық ойынмен ұзақ жылдан бері айналысып жүрген спортшылар да қатысты. Семейлік Мұрат Оқасов тоғызқұмалақ ойнағанына 42 жыл болғанын айтады. Оның пікірінше, бұл ойын адамның есептеу дағдысын жетілдіріп, логикалық ойлау қабілетін дамытады.
Мұрат Оқасов, жарысқа қатысушы (Семей қ.):
Енді бұл біздің болашақ үшін, жастар үшін тоғызқұмалақ өте қажет. Санауды, ойлауды, болжауды болашақтың бәрін алдын-ала тұжырымдауды , яғни математикалық зеректілікті, интеллектуал зияткерлік қабілетті өте жоғары дамытады.
Өңірде ұлттық спорт түрлерін насихаттауға да басымдық беріліп отыр. Мамандар тоғызқұмалақты дамыту жастардың зияткерлік әлеуетін арттырып, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Рауан Жампейісов, Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы:
Президент атап өткендей, ұлттық спортты дамыту - мемлекеттік органдардың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Тоғызқұмалақ - халқымыздың даналығы, зияткерлік әлеуетті танытатын ұрпақты логикалық ойлауға, тапқырлық пен төзімділікке тәрбиелейтін бірегей ұлттық мұра.
Сәрсен Аманжоловты еске алуға арналған турнир тек жеңімпазды анықтайтын спорттық бәсеке емес. Бұл – ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ұрпақтар сабақтастығын нығайтатын тағылымды шара.
Ариана Нұрлыбекқызы