Сүт өндірісіндегі заманауи технологиялар
Алтай ауданының Полянское ауылында «Мойылды-Байқоңыр» серіктестігінің ірі сүт-тауарлы фермасы жұмыс істейді. Заманауи технологиямен жабдықталған кешенде әр сиырдың жағдайы компьютер арқылы бақыланып, сауылған сүттің көлемі мен құрамы автоматты жүйелер көмегімен тексеріледі. Өндіріс жеке жемшөп базасы мен асыл тұқымды мал шаруашылығына негізделген. Жаңа ферманың жұмысы қалай ұйымдастырылған және оның өңірдің ауыл шаруашылығын дамытудағы маңызы қандай? Келесі бейнематериалда.
Сүт-тауарлы ферма – агроөнеркәсіп саласында 2004 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорынның жаңа даму бағыты. Сүтті мал шаруашылығын қолға алу өсімдік шаруашылығы мен сүт өндірісін біртұтас жүйеге біріктіруге мүмкіндік берді. Кешеннің құрылысы 2024 жылдың сәуірінде басталып, 2025 жылдың күзінде аяқталды. Инвестициялық жобаның жалпы құны 7 миллиард 400 миллион теңгеден асады. Оның 4 миллиард теңгеден астамы «Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы тартылған. Мұнда сиыр қоралары, сауу блогы, жас малға арналған орындар, жемшөп сақтайтын және қосалқы нысандар салынды. Ферманың жобалық қуаты – 1075 азықтық мал басы.
Андрей Ветлугин, сүт-тауарлы ферма директоры:
«Ертіс» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының қолдауы инвестициялық жобамызды жүзеге асыруда шешуші рөл атқарды. Бұл заманауи сүт-тауарлы кешенді салуға қажетті қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 4,7 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартудың арқасында жобаны жоспарланған ауқымда жүзеге асырып, толыққанды заманауи сүт кешенін құра алдық»
Кешеннің басты ерекшеліктерінің бірі – заманауи зал. Мұнда «Параллель» жүйесі орнатылған. Оның көмегімен бір мезетте 48 сиырды саууға болады. Компьютер әр малдың нөмірін танып, алынған сүт көлемін тіркейді де, ақпаратты орталық жүйеге жібереді. Сонымен қатар арнайы анализаторлар сүттің құрамын зерттейді. Бұл мәліметтер ветеринар мамандарға малдың денсаулығын бақылауға, ал технологтарға азықтандыру тәртібін реттеуге мүмкіндік береді.
Сергей Бухряков, сүт-тауарлы ферманың мал шаруашылығы жөніндегі директордың орынбасары:
Сауын аппараты қосылған сәттен бастап жүйе әр сиырдан алынған сүт көлемін тіркейді. Ал арнайы анализаторлар сүтті ағымдағы режимде тексереді. Оның майлылығын, құрғақ заттар мен ақуыз мөлшерін, сондай-ақ мастит белгілерін анықтайды. Барлық мәлімет орталық компьютерге түседі. Ветеринар дәрігер мен технолог әр сиырдың нөмірі бойынша ақпаратты көріп отырады. Егер өзгеріс байқалса, ветеринар маман тиісті ем тағайындайды. Ал технолог сүт құрамын бақылап, қажет болған жағдайда малдың азықтандыру рационына түзету енгізеді.
Малдың жағдайын бақылау ветеринар мамандардың тексеруімен ғана шектелмейді. Әр сиырға арнайы датчик орнатылған мойынбау тағылған. Ол жануардың белсенділігін, жемшөп тұтынуын, өнімділік көрсеткіштерін және денсаулығындағы өзге де өзгерістерді бақылауға мүмкіндік береді. Жиналған мәліметтердің барлығы бірыңғай компьютерлік жүйеге жіберіледі.
Зарина Бережнева, сүт-тауарлы ферманың ветеринар дәрігері:
Біз AfiFarm бағдарламасын қолданамыз. Әр сиырға жеке датчик орнатылған. Соның көмегімен малдың жағдайын, жемшөпті қаншалықты тұтынатынын, қанша сүт беретінін және денсаулығындағы өзгерістерді бақылаймыз. Сондай-ақ сиырдың күйге келген уақытын да анықтай аламыз. Әр датчик сиырдың мойынбауына бекітілген және бағдарламаға жеке нөмірімен енгізілген. Осылайша, барлық ақпарат AfiFarm жүйесіне түседі. Бағдарлама арқылы сиырдың денсаулығын, жем жеуін, белсенділігін бақылап, мастит белгілері мен күйге келу кезеңін анықтаймыз.
Шығыс Қазақстандағы заманауи сүт-тауарлы ферманың жұмысы туралы толығырақ 30 қараша күні сағат 18:30-да «Экономика және қоғам» бағдарламасынан көріңіз.
Бекарыс Энгельс