Негізгі Жаңалықтар Облыстық аурухана медициналық құрылғылармен толықты

Облыстық аурухана медициналық құрылғылармен толықты

Облыстық аурухана екі заманауи медициналық құрылғымен толықты. Су жаңа техникалар дәрігерлерге түрлі ауруларды ерте кезеңде анықтап, науқастың жағдайын диагностикалауға мүмкіндік береді. Жаңа жабдықтар облыс әкімдігімен жасалған меморандум аясында «Казцинк» компаниясының қолдауымен сатып алынған.

Жаңа құрылғылардың бірі – көз жанарын терең зерттеуге арналған фундус-камерасы бар SOLIX оптикалық когерентті томографы. Аппарат көздің торлы қабығы мен көру жүйесін жоғары дәлдікпен тексеруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ауру белгілері білінбей тұрып, көздегі патологиялық өзгерістерді анықтайды. Соңғы екі жарым айда құрылғының көмегімен 500-ден астам зерттеу жүргізілген. Ал жыл сайын офтальмология бөлімшесінде шамамен екі мың науқас осындай тексеруден өтуді қажет етеді дейді мамандар.

Аида Ибраева, Облыстық аурухананың дәрігер-офтальмологы:

Бұл аппарат арқылы көздің торлы қабығы мен көру жүйесінің жағдайын толық зерттейміз. Сонымен қатар, ангиорежимнің көмегімен көз түбіндегі қан тамырларын тексеруге мүмкіндік бар. Алдыңғы бөлігін қарау кезінде көз бұршағын, жасанды бұршақ орнатылған науқастардың жағдайын, глаукоманы және лазерлік түзетуден кейінгі көз жағдайын бағалаймыз. Жалпы, аппараттың мүмкіндігі кең, көз ауруларын жан-жақты тексеруге болады.

Екінші құрылғы – Affiniti 70 ультрадыбыстық диагностикалық жүйесі. Оның көмегімен дәрігерлер ішкі ағзаларды зерттеп, науқастың денсаулық жағдайы туралы толық мәлімет ала алады. Құны 230 миллион теңге болатын медициналық жабдықтарды «Казцинк» компаниясы облыс әкімдігімен жасалған меморандум аясында сатып алған.

Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:

Бұл құрылғы науқастардың көз ауруларын дәлірек анықтап, емдеу тәсілін дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Жақында өзім де офтальмологтың тексеруінен өттім. Бұрынғы аппараттармен көзді тексергенде жарық жарқылы пайда болып, көпшілік содан секем алатын. Ал жаңа құрылғыда мұндай жарқыл жоқ. Тексеру барысы жайлы, жылдам әрі сапалы жүргізіледі.

Жаңа медициналық жабдықтар өңірдегі диагностиканың сапасын арттырып, тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің мүмкіндігін кеңейтеді. Бұл ауруларды дер кезінде анықтап, асқынудың алдын алуда таптырмас мүмкіндік.

Нұртас Қайролдаев


Бөлісу