Үйін қолөнер мұражайына айналдырған шебер
Облыс орталығында өз үйін тұтас мұражайға айналдырған ерекше шебер тұрады. Ондағы жүздеген экспонаттың барлығы ағаштан жасалған. Бір ерекшелігі, бұл – еліміздегі ағаш мүсіндер қойылған жалғыз үй-мұражай. Бұрын тікұшақ басқарған Юрий Костанянц бүгінде ағаштан хандар мен батырлардың және ертегі кейіпкерлерінің бейнесін жасап, Ұлы дала тарихын жаңғыртып жүр.
Бұл үйдің әр бұрышы – жеке бір тарих. Екі қабат ғимаратта жүздеген мүсін тұр. Бірегей өнер туындыларын тамашалауға өңір тұрғындарымен қатар, шетелдік қонақтар да арнайы келеді.
Светлана Абдукабирова, турист:
Өзбекстаннан келдім. Мұражайға көруге енем кеңес берді. Мұнда тарихи тұлғаларға қатысты қолөнер туындылары өте көп екен. Алғашқы әсерім керемет! Кірген сәттен бастап өзіңді тарихқа енгендей сезінесің. Бұрын-соңды мұндай ерекше мұражай көрмеппін!
Бір қызығы, Юрий Костанянцтың негізгі мамандығы өнерге мүлде қатысы жоқ. Ол ұзақ жыл азаматтық авиацияда тікұшақ командирі болып қызмет етті. Тоқсаныншы жылдардағы қиындықтардан кейін авиация саласынан біржола қоштасып ағаш шебері болуға бел буады. Содан бері ағаш өңдеу оның негізгі кәсібіне айналған.
Юрий Костанянц, қолөнер шебері:
Ағаш ою өнерімен айналысып келе жатқаныма 54 жыл болды. Бұл өнерге мектепте оқып жүргенде қызықтым. Кейін ұшқыштар училищесіне түскенде ағаш оюмен айналысатын жігіттерді көріп, өзім де осы кәсіпке бет бұрдым. Содан бері осы өнермен айналысып келемін. Жұмысымның негізгі материалы – ағаш, әсіресе самырсын. Бұл ағаш түрі маған қатты ұнайды. Самырсынды Риддер мен Катонқарағайдан аламыз. Сонымен қатар жаңғақ ағашын да пайдаланамыз, оны Шымкенттен жеткіземіз. Ресейде жөке ағашы да қолданылады, алайда бізде ол өнеркәсіптік көлемде өндірілмейді.
Шебердің жұмыстары шетелде де таныстырылған. 2014 жылы оның туындылары Парижде өткен көрмеге қойылды. Ал үйіндегі экспозицияда Шыңғыс хан, Жошы хан, Қасым хан, Қайыр хан секілді тарихи тұлғалар мүсіндерінің жасалу жолы да бөлек. Өйткені шебер үшін мүсіннің сыртқы бейнесі ғана емес, кейіпкердің тарихы мен болмысын жеткізу де маңызды.
Юрий Костанянц, қолөнер шебері:
Бұл композицияда Әмір Темір әскерімен бірге бейнеленген. Жұмыстың ерекшелігі – сарбаздардың үңгір ішінен үздіксіз шығып келе жатқандай әсер беруі. Бұл ауқымды туындыны үш адам бірігіп, жеті-сегіз ай бойы жасадық. Әрбір мүсін мен ұсақ бөлшегіне ерекше мән беріп, композицияны тұтас бір тарихи көрініс ретінде құрастырдық. Алдағы уақытта Шыңғыс хан, Әмір Темір, Александр Македонский, Наполеон секілді тарихи тұлғаларды біріктіретін «Әлемнің бес ұлы жаһангері» жобасын жасауды жоспарлап отырмыз.
Ағаштан ойылған бұл еңбекті шебер өзі ғана жасамаған. Қазір онымен бірге бірнеше көмекшісі жұмыс істейді. Олар ағаш өңдеп, жаңа туындыларды жасауға көмектеседі әрі үйренеді. Ал балаларға тегін үйретеді.
Александр Отставнов, қолөнер шебері:
Бұл жерде жұмыс істеп келе жатқаныма 15 жыл болды. Алғашында Юрий Михайлович мүсін жасап көруге ұсыныс білдірді. Байқап көрдім, ұнады. Содан бері осында еңбек етіп келемін. Қазір шебердің жетекшілігімен барыстың мүсінін жаңартып жатырмыз. Кейбір бөлшектерін жетілдіріп, мүсіннің көркін аша түсуді көздеп отырмыз.
Қазір ұста жаңа туындылар жасаумен қатар, бұрынғы жұмыстарын да жаңартып жүр. Қазір ол Иван Шишкиннің әйгілі «Қарағайлы ормандағы таң» картинасын ағаштан жасап жатыр. Бүгінге дейін Юрий Костанянц қанша мүсін жасағанын санамаған. Өзінің айтуынша шын өнер санмен емес сапамен өлшенеді.