Қатерлі ісіктің алдын алу
Аймақта «Қызғылт қазан» акциясының қорытындысы шығарылды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте онкологиялық қызмет өкілдері атқарылған жұмыстар, профилактикалық тексерулердің нәтижелері туралы баяндады.
Акция аясында әйелдер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, денсаулықты күту мен аурудың алдын алудың маңыздылығы кеңінен насихатталды. Осы бағытта бір ай ішінде 3500-ден астам түрлі іс-шара өткізіліп, тұрғындарға медициналық кеңес беріліп, профилактикалық тексерулер ұйымдастырылды.
Гүлмира Сағидуллина, ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры:
Акцияның мақсаты – әйелдердің назарын өз денсаулығына қатысты мәселелерге аудару. Бұл тек сүт безі қатерлі ісігін анықтаумен ғана шектелмейді. Жалпы, әйелдердің өз денсаулығына қамқорлық танытып, оған жауапкершілікпен қарауы маңызды. «Қызғылт қазан» – бүкіл әлемде өткізілетін айлық акция. Өйткені, бүгінде сүт безі қатерлі ісігі – жаһандық мәселе. Мүмкіндігінше көп әйел осы акция туралы естіп, ақпарат алып, өзіне қажетті тұжырым жасады деп ойлаймын.
Акция барысында жүргізілген тексерулер де өз нәтижесін берді. Дәрігерлер күдік тудырған қатерлі ісік белгілері бар 18 жағдайды тіркеді. Қосымша зерттеулерден кейін бірнеше науқаста диагноз расталып, олар ем қабылдауды бастаған. Мамандар ауруды ерте кезеңде анықтау емнің нәтижелі болуына және адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретінін айтады.
Серік Мұхамеджанов, Маммология және онкогинекология бөлімінің меңгерушісі:
Көптеген адам тексеруден өтті. Жүргізілген тексерулердің нәтижесінде бірқатар қатерсіз өзгерістер анықталды. Сонымен қатар ауруға күдік тудырған 18 жағдай тіркелді. Олардың бірнешеуінде диагноз расталып, әйелдер ем қабылдауды бастады. Ең маңыздысы, емдеу аурудың ерте сатысында қолға алынды. Ал дерт неғұрлым ерте кезеңде анықталса, емнің нәтижелі болуына септігін тигізеді.
«Қызғылт қазан» акциясы аясындағы профилактикалық тексерулер онкологиялық аурулардың алдын алу бағытындағы ауқымды жұмыстың бір бөлігі. Дәрігерлердің мәліметінше, жыл басынан бері 50 мыңнан астам әйел маммографиялық скринингтен өткен. Тексеру нәтижесінде сүт безіндегі кішігірім өзгерістермен қатар, қатерлі ісік жағдайлары да анықталған.
Гүлмира Сағидуллина, ШҚО көпсалалы онкология және хирургия орталығының директоры:
Онкологиялық скринингтің он айдағы қорытындысы бойынша жыл басынан бері 51 мыңнан астам әйел тексеруден өтті. Олардың 1300-інде сүт безінің патологиясы анықталды. Ал осы әйелдердің 107-сінде қатерлі ісік диагнозы расталды. Сол қатерлі ісік анықталған 107 әйелдің 57 пайызына аурудың ерте сатысында диагноз қойылды.
Тұрақты медициналық тексеруден өтіп, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.