ШҚТУ ғылыми-зерттеу университеті мәртебесін алды
Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне «Ғылыми-зерттеу университеті» мәртебесі берілді. Бұл шешім оқу орнының ғылыми әлеуетін арттырып, ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізуге және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік береді.
Университеттің жаңа мәртебеге ие болуына ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері негіз болды. Қазіргі уақытта оқу орнында жалпы құны 4,2 миллиард теңгені құрайтын ғылыми жобалар жүзеге асырылды. Оның 188-і кәсіпорындардың тапсырысы бойынша орындалған. Зерттеу нәтижелері 231 ғылыми мақалада жарияланды. Сонымен қатар, университет 12 елмен халықаралық байланыс орнатқан. Оқу орнында медициналық мақсаттағы 20 түрлі имплантат әзірленіп, 150-ден астам науқасқа көмек көрсетілді.
Айдар Садырбаев, ШҚО әкімінің орынбасары:
Университеттің өзінің көп жылғы тынымсыз еңбегінің нәтижесінде ғылыми зерттеу институты мәртебесіне ие болып отыр. Бұл ұжымның, тұтас профессорлық оқытушылық құрамның, студенттер үшін үлкен қуаныш әлі мәртебе. Және де үлкен жауапкершілік жүгін артады. Неге десеңіз, университеттің жаңағы ғылыми көкжиегі кеңею керек. Өңірлік ғылымды дамыту жөніндегі мемлекет басшысының нақты тапсырмалары бар. Сол тапсырмаларды Жергілікті жерде облыс әкімдігімен бірлесе отырып, лайықты деңгейде іске асыру міндеті университет алдында да, облыстық әкімдік алдында да тұр.
Шығыс Қазақстандағы алғашқы зерттеу университеті енді өңір кәсіпорындарымен бірлескен зерттеулерін дамытуға жол ашады. Сонымен қатар, студенттердің ғылыми жобаларға қатысуына, шетелде тағылымдамадан өтуіне және қос дипломды білім беру бағдарламалары бойынша оқуына мүмкіндік береді.
Сәуле Рахметуллина, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры:
ШҚ-да бірінші зерттеу университеті болып, біздің мәртебеміз ол енді ары қарай кәсіпорындармен, ғылыми зерттеу жағынан толығырақ, көбірек жұмыс істеуге де осындай мүмкіншілік береді. Және ол біздің оқып жүрген студенттеріміз білім алып жүрген магистрант, докторанттарымзға да жақсы мүмкіншілік. Қазіргі таңда біз міне институт критикалық материалдары институтын аштық. Ол Бельгиямен біз аштық, топ -30, топ-40 кіретін университет. Сондықтан біздің енді магистрант, докторант сонда барып, стажировка өтіп, басқа да бірігіп қосдипломдық бағдарлама бойынша білім алады.
Мұндай мүмкіндік жас ғалымдарға заманауи зертханаларда ізденіс жүргізіп, тың әзірлемелер жасауға серпін береді.
Мәди Мұхаметхан, жас ғалым:
Болашақта физиканың материалтану бағытында дамығым келеді. Біздің ғылыми-зерттеу институтымыздың мәртебесі материалтануға қатысты анағұрлым терең мәселелерді зерттеуге мүмкіндік береді. Бұл әзірлемелер жаңа материалдар шығару үшін өндіріс саласында қолданылатын болады. Материалтану саласындағы зерттеулер мемлекетіміздің экономикасын дамытуға зор үлес қосады.
Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті ғылым мен өндірісті ұштастыратын жетекші орталық ретінде дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Халықаралық ынтымақтастықты дамыту және жоғары білікті мамандар даярлау – оқу орнының маңызды бағыттары.
Ариана Нұрлыбекқызы