Құс фабрикасының құрылысы басталады
Ұлан ауданында жаңа құс фабрикасының құрылысы басталады. Құны 5,5 миллиард теңгені құрайтын «Altai Qus» кәсіпорны жылына 150 миллион данаға дейін тауық жұмыртқасы және 400 тонна құс етін өндіре алады. Өндіріс орнының іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Жоспар бойынша жалпы қуаттылығы 480 мың құсқа арналған бес құс қорасы салынады. Жаңа фабрика іске қосылғаннан кейін жергілікті өнім үлесі артып, өңірдің ішкі қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік артады.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Осы заводтта істейтін 150 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Сонымен қатар жылына 400 тонна құс етін өндіру жоспарланып отыр. Бұл бастама Ұлан ауданының ғана емес, тұтас облыстың агроөнеркәсіптік әлеуетін арттыруға ықпал етеді.Кәсіпкерлерге жобаны жүзеге асыруда сәттілік тілейміз.
Кәсіпорын жұмысы іске асса өңірді жұмыртқамен қамтамасыз ету деңгейі 30 пайыздан 109 пайызға дейін артады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар артық өнімді көршілес мемлекеттерге экспорттау көзделген.
Евгений Жайкин, «Altai Qus» ЖШС директоры:
Бұл – өңір үшін маңызы зор жоба. Себебі еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Шығыс Қазақстан облысында жұмыртқа өндіруге маманданған құс фабрикасы болған жоқ. Сондықтан біз осы бағыттағы кәсіпорынның құрылысын қолға алып отырмыз. Қазіргі уақытта 700 миллион теңге алынып, игерілді. Өндірістік жабдықтардың бір бөлігіне төлем жасалды. Келесі жылдың басында жабдықтардың алғашқы партиясы жеткізіледі деп жоспарланып отыр.
«Altai Qus» жобасы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға, инвестиция тартуға және өңір тұрғындарын отандық өніммен қамтамасыз етуге бағытталған. Өндіріс орны іске қосылған соң 150-ге дейін жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Фатима Тілейханқызы