Негізгі Жаңалықтар Қаламы құнды қаламгер

Қаламы құнды қаламгер

Облыс орталығында қазақ әдебиетінде өзіндік қолтаңбасымен танылған жазушы, драматург Талаптан Ахметжанды еске алу кеші өтті. Тағылымды жиынға қаламгердің шығармашылығын бағалайтын оқырмандар мен жақындары және әдебиет жанашырлары жиналды. 

«Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында өткен тағылымды кеш кітап көрмесімен басталды. Көрмеге қаламгердің әр жылдары жарық көрген шығармалары мен оның өмірі және шығармашылық жолынан сыр шертетін естелік жинақтары қойылды. Келушілер жазушының мол мұрасымен танысуға мүмкіндік алды.

Гүлбаршын Әбілғазинова, Пушкин атындағы облыстық кітапхананың бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы:

Бұл еске алу кеші жазушының шығармашылығы мен өмірін насихаттауға арналған. Және бұл шарамыз бүкіл республика бойынша өтіп жатқан кітап оқитын ұлт атты жобаның аясында жүргізіліп жатыр деуге болады. Шараға жазушының жерлестері, сыныптастары, достары туыстары өздерінің естеліктермен бөліспекші. Шара өткізу алдында біз Талаптан ағаның жұбайы, өмірлік жұбайы Риза апайға шықтық. Ол кісі де өзінің естеліктерін видео түрінде жіберді. 

Талаптан Зейнолдаұлы прозамен қатар драматургия саласында да өнімді еңбек еткен. Оның «Қараторғай», «Екі жүрек», «Тазша бала» сынды пьесалары театрларда сахналанып, көрермен ықыласына бөленген. Кеш барысында жазушының шығармаларынан үзінділер оқылып, сазды әуенмен көркемделген әдеби-музыкалық қойылымдар ұсынылды. 

Мәйкен Қамшыбаева, қала тұрғыны:

Мен Талаптанмен 17 жастан бастап таныспын. Менің жолдасым Мұрат пен Талаптан бірге оқыды да, мектеп бітіргеннен кейін бәріміз абитуриент болған кезде бірге болдық. Одан кейін студенттік өмірдің бәрін бірге өткіздік. Металлургтер сарайы дейміз ғой. Сол кезде ең алғаш ашылған Қазақ театры болды. Бадығанов деген кісі сол кезде ұйымдастырды. Сол кезде Талаптан студенттердің бәрін жинап, театрда рөл ойнап, әртүрлі сахнаға шығып, өзін жан-жақты көрсетіп жүретін. 

Жазушының рухына тағзым етуге жиналған қауым оның шығармашылық мұрасымен қатар, Алтай телеарнасында журналист болып еңбек еткен жылдарын да еске алды. Сонымен қатар қаламгердің бала күннен бірге өскен достары оның адами болмысын, әдеби ортадағы орны мен шығармашылығының ерекшеліктері туралы естеліктерімен бөлісті.

Әсет Сауырбаев, қала тұрғыны:

Мына Талаптан екеуіміз енді бірге мектепте класстас, сыныптас бірге оқыдық. Одан кейін ол оқуын бітіріп, СДИ-ға түсіп, Сди-дан оқуын бітіріп, мына мастер болып жұмыс істеді Самар ауданында. Одан кейін бір-екі жұмыстан кейін телевиденияға жұмысқа кіріп, ары қарай жазушылығын көтеріп, сол мамандығымен Алматыға кетті де, сол жерден өзі үлкен қызметтік атағын алды. Көшенің де атын беріп жатыр міне, соған өте қуаныштымыз. 

Артына өшпес әдеби мұра қалдырған Талаптан Ахметжанның есімі ел жадында мәңгі сақталмақ. Осылайша тағылымды кеш соңында қатысушылар қаламгер рухына тағзым етті.

Ариана Нұрлыбекқызы


Бөлісу