Негізгі Жаңалықтар Өңірде 489 мың тонна майлы дақыл жиналды

Өңірде 489 мың тонна майлы дақыл жиналды

Биыл Шығыс Қазақстан диқандары 489 мың тонна майлы дақыл жинап, қамбаны мол өнімге толтырды. Ал ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мен келер жылғы егіс науқанына әзірлік қалай жүріп жатыр? Бұл мәселелер облыс әкімдігінде өткен кезекті жиында талқыланды. Сонымен қатар орман өртінің алдын алу және мемлекеттік әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру мәселелері де қаралды. 

Жиында ауыл шаруашылығы саласында биыл атқарылған жұмыстар қорытындыланды. Шығыс Қазақстан диқандары биыл 489 мың тонна майлы дақыл жинаған. Оның ішінде күнбағыс өнімі 460 мың тоннадан асқан. Саланы қаржыландыруға «Кең дала 2» бағдарламасы аясында 22,2 миллиард теңге бөлінсе, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға мақсатында лизинг беру жұмыстары жалғасуда. Сонымен қатар, келер жылғы егіске қажетті тұқым қорын қалыптастыру жұмыстары да жүргізілуде.

Дамир Мамиев, ШҚО ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының м.а:

Мемлекеттік қолдаудың тағы бір маңызды бағыты, ол жеңілдетілген лизинг арқылы машина паркін жаңарту. Жыл басынан бері «КазАгроҚаржы» АҚ облыстың ауыл-шаруашылық тауарын өндірушілеріне жалпы сомасы 17 млрд. теңге 503 бірлік ауыл шаруашылық техникасымен жабдықтарын лизингке берді. Бұл 2025 жылғы көрсеткіштен 3 млрд. теңгеге артық. 

Ал өңірде өрт қауіпі азаймай тұр. Биыл 13 сәуір мен 10 қараша аралығында облыстағы ормандарда жалпы 530 гектардан асатын аумақта 56 өрт болған. Бұл былтырғымен салыстырғанда айтарлықтай аартық.Сондықтан тілсіз жаудың алдын алу үшін орман шаруашылықтарында өртке қарсы шаралар күшейтілген. Атап айтқанда, биыл 25 шақырымнан астам минералдандырылған жолақ жасалып, бұрыннан бар 680 шақырым жолақты қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілген.

Мұрат Құсайынов, ШҚО Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

Биыл Шығыс Қазақстандағы ең ірі орман өрті Асубұлақ орман шаруашылығы аумағында тіркеліп, 345 гектар жерді шарпыған. Өрттің 80 пайызы найзағайдан болған.Қауіптің алдын алу үшін орман мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Былтыр лизинг арқылы 122 арнайы техника алынып, жарақтандыру деңгейі 67 пайызға жетті. Алдағы уақытта тоғыз орман шаруашылығында 90 өрт бақылау мұнарасы орнатылмақ.

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды тағайындау тетігіне бірқатар өзгеріс енгізіледі. Жаңа тәртіптің негізгі мақсаты – көмекті шын мәнінде мұқтаж азаматтарға бағыттап, оның тиімділігін арттыру. Ол үшін отбасының әлеуметтік жағдайы цифрлық платформа арқылы бағаланады. Жүйе отбасылардың әл-ауқатын жетпістен астам критерий бойынша сараланып, бес санатқа бөледі. Бұл санаттар отбасының тұрмыс жағдайы мен мемлекеттік органдардағы мәліметтердің жаңаруына қарай өзгеріп отырады.

Альмира Мусинова, ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

Қыркүйек айында өңірде өрт отбасының цифрлық картасындағы А және Б санаттарына жатқызылған отбасыларлы верификациялау жұмыстары жүргізілді. Облыс бойынша барлығы 16 935 азамат сауалнамадан өтті. Оның ішінде А санаты бойынша 2789 азамат, бұл енді тұрмысы жағдайы өте жоғары отбасылар және Б санаты бойынша 14 146. Сауалнамадан барлығы 16 мың адам өтті. Оның ішінде санаттарына сәйкес болып шыққандар 15722 адам болса, санаттарға сәйкес келмейтіндер 1208. Санат расталмаған азаматтардың үлесі облыс бойынша 7 пайызды құрайды. 

Жаңа жүйе бойынша отбасы әл-ауқатына қарай бес санатқа бөлінеді. А санаты – тұрмысы жақсы, В санаты – ауқатты отбасылар. С санатына жағдайы қанағаттанарлық, D мен Е сатанына әлеуеті әлжуаз, әрі қиындыққа тап болған отбасылар жатады. 2027 жылдан бастап А және В санатындағы отбасыларға кейбір әлеуметтік төлемдер тағайындалмайды. 

Нұртас Қайролдаев


Бөлісу