Негізгі Жаңалықтар ШҚО-да 484 мыңнан астам тұрғын дауыс береді

ШҚО-да 484 мыңнан астам тұрғын дауыс береді

Облыста бүгін 534 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр. Онда 484 мың 350 сайлаушы өз таңдауын жасайды. Қала тұрғындары да мәслихат депутаттарын сайлауға белсенді қатысуда. Сайланған депутаттар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты маңызды шешімдер қабылдауға атсалысады. 

Азаматтық міндетін таң сәріден атқаруға асыққан тұрғындардың қарасы да қалың. Дауыс беруге қажетті бюллетеньдер әзірленіп, сайлаушылар тізімі нақтыланған. Комиссия мүшелері өз міндеттеріне кірісіп, сайлау барысын байқаушылар да назарда ұстап отыр.

Әсем Шамақаева, №1194 сайлау учаскесінің төрағасы:

Біздің учаске өз уақытында сайлау науқанын бастады. Біздің сайлау учаскесінде, сайлау учаскесінің төрағасы және 6 сайлау комисиясының мүшесі және бір хатшы жұмыс атқаруда. Сонымен қатар екі бақылаушы Ерекше көмекті қажет ететін азаматтар үшін, барып жылжымалы дауыс беру ұйымдастырылған. Егер қажет деген жағдайда біз сол жылжылмалы дауыс беру жәшігімен барып дауыс беруге болады. 

Бұл жолғы сайлау – кезектен тыс өтуде. Бұған дейінгі мәслихат депутаттарының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылып, енді жергілікті мәслихаттардың жаңа құрамы жасақталмақ. Халық қалаулыларының жұмысы елді мекендердің еңсесін тіктеп, өңірдің өркендеуіне тікелей әсер ету. Олар жергілікті қазынаның қалай жұмсалатынын бекітіп, ауыл-аймақты абаттандыру мен дамытуға қатысты мәселелерді шешуге атсалысады. 

Сайлау барысының ашықтығын байқаушылар да қадағалауда. Олар дауыс беру тәртібінің сақталуын бақылап, заңбұзушылықтар болса, тіркеуге құқылы. 

Анар Қоқаншынова, №1194 сайлау учаскесінің байқаушысы:

Ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ. Өңір азаматтары дауыс беруге белсенді қатысуда. Бюллетеньдер сайлаушыларға уақытылы таратылуда. Жалпы, дауыс беру процесі жоспарға сәйкес өтіп жатыр.

Қаладағы №40 орта мектепте орналасқан 1194-сайлау учаскесінде 1443 сайлаушы тіркелген. Дауыс беру аяқталған соң бюллетеньдер саналып, кезектен тыс сайлаудың қорытындысы шығарылады. Жаңадан жасақталған мәслихат құрамы алдағы уақытта тұрғындардың талап-тілегін жеткізіп, өңірдің өркендеуіне қатысты өзекті мәселелерді шешуге атсалыспақ. 

Нұртас Қайролдаев


Бөлісу