Негізгі Жаңалықтар Жаңа спорт кешені ашылды

Жаңа спорт кешені ашылды

Бозанбай ауылында жаңа дене шынықтыру кешені пайдалануға берілді. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған заманауи нысан ауыл тұрғындарына, әсіресе балалар мен жастарға спортпен тұрақты айналысуға мүмкіндік береді. 

Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен бірқатар басқарма басшылары қатысты. Аймақ басшысы спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қалалармен шектелмей, ауылдық елді мекендерді де қамтуы керектігін атап өтті.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Осындай дене шынықтыру-сауықтыру кешені болса ауыл тұрғындарына қажетті жағдай жасалынады. Демек, қала не ауылда тұратын жерлестеріміздің барлығы бірдей білім алуға, спортпен шұғылдануға бірдей жағдай болу керек. Біздің басым бағыттағы жұмыстар осындай. 

Екі қабатты спорт кешенінің жалпы ауданы – 1 225 шаршы метрден асады. Құрылыс жұмыстары 2021 жылдың мамыр айында басталып, толық аяқталды. 

Нұртөре Асқаров, мектеп оқушысы:

Бұрын біз кішілеу залға қатысқанбыз. Ал, қазір мына жер кең. Жаңа құрылғылар бар. Соған ризамыз. 

Бақдәулет Жақабаев, мектеп оқушысы:

Мен көптеген спорт түріне қатысамын. Футбол, волейбол, дзюдо дегендей. Осының ашылғанына қуаныштымын. Көптеген рахмет. 

Мүслім Жұрқабаев, дене шынықтыру мұғалімі:

Осы кешен ашылғанына біз өте қуаныштымыз. Біздің оқушылар үшін, ауыл жастары үшін маңызды ғимарат. 

Жаңа спорт кешені Бозанбай тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасап, ауылдағы бұқаралық спорттың дамуына серпін бермек.

Зарина Гайсина, ауыл тұрғыны:

Ұлдарым спортқа жуық балалар. Өте қуаныштымын. Осындай спорт кешені ашылғаны. Өте күшті жер болды. 

Қазір облыста 1 658 спорт нысаны жұмыс істейді. Ал, тағы 8 нысанның құрылысы әртүрлі кезеңде жүргізіліп жатыр. 

Бұдан бөлек, өңір басшысы бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Бозанбай ауылында жылумен жабдықтау жүйесін жаңғыртуға бағытталған екі ірі жоба қолға алынды. Оның аясында жаңа модульдік қазандық салынып, жалпы ұзындығы 11 шақырымнан асатын жылу желілері реконструкцияланады. Жаңа қазандықтың белгіленген қуаты – 12,5 мегаватт. Құрылыс жұмыстары алты айға жоспарланған. Сонымен қатар, ауылдағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 11 мың 480 метрден асады. Оларды реконструкциялау жұмыстары 12 айға жоспарланған. 

Ұлан ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Баяш Өтепов ауылындағы Амангелді атындағы негізгі мектепке барды. Өңір басшысы білім беру мекемесінің жағдайымен, оқу процесінің ұйымдастырылуымен және материалдық-техникалық базасымен танысты. Қазір мұнда 38 оқушы білім алады. Мектеп оқушылары үшін арнайы спорт зал қажет, дейді мектеп директоры. Мектеп жанынан спорт зал салу мәселесі бұған дейін қыркүйек айында облыс әкімімен өткен кездесуде де көтерілген болатын. 

Бұл мектептің алғаш іске қосылуы 1961 жылы. Сол кезден спорт залдың болмауы қиын. Қыста оқушылардың дене шынықтырумен айналысуы. Осы мектебімізге спорт зал салынса деген ойдамыз. Келешекте осы мектеп оқушыларының спортпен толыққанды жағдай жасалса деген. 

Жұмыс сапары кезінде ауыл мектептерінің спорт инфрақұрылымын дамыту мәселесі көтерілді. Пролетарка, Манат және Баяш Өтепов ауылдарындағы мектептерде спорт залдарының болмауы дене шынықтыру сабақтарын толыққанды өткізуге кедергі келтіріп отыр. 

Бұдан соң облыс әкімі Мамай батыр ауылына барды. Мұнда жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт салу мәселесі қарастырылуда. Мамай батыр ауылында бүгінде мыңға жуық адам тұрады. Ал жергілікті медициналық пункт ауыл тұрғындарымен қатар, жақын маңдағы тағы екі елді мекеннің халқына қызмет көрсетеді. Емханаға 1 400 пациент тіркелген. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қолданыстағы медициналық нысанның жағдайымен танысты. 

Қайрат Өскенбаев, Ұлан аудандық ауруханасының бас дәрігері:

1976 жылы салынған. Стандартқа сай емес, 62 шаршы метр. Заманауи медициналық қызмет көрстеуге өте ыңғайсыз. 

Ұзақ жылдар бойы пайдаланылған ғимараттың тозу деңгейі 100 пайызға жеткен. Сонымен қатар оның ішкі құрылымы медициналық мекемелерге қойылатын қазіргі талаптарға толық сәйкес келмейді.

Ботакөз Хуатбек, ауыл тұрғыны:

Әр үйде 3-4 баладан бар. Үнемі екпе алып отыру керек. Сол кезде қиналып қаламыз. Осы халқымыздың қалауына құлақ асып, жаңадан медпункт салып берсе жақсы болушы еді. Онымен қоса, жастар көп. Мәдениет дамып келеді. Балалар түрлі үйірмелерге қатысқысы келеді. Соған клуб (мәдениет үйі) болса тіпті жақсы болушы еді.  

Кездесу соңында өңір басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасына жаңа ғимарат салуға қажетті құжаттарды әзірлеуді тапсырды. Жобаның жүзеге асырылуы ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек алуға, елді мекеннің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.

Фатима Тілейханқызы



Бөлісу