Негізгі Жаңалықтар Үздіктер марапатталды

Үздіктер марапатталды

Облыс орталығында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күніне арналған салтанатты шара өтті. Адал еңбегімен, кәсіби біліктілігімен және өз ісіне деген жауапкершілігімен саланың дамуына, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және экономиканың өркендеуіне елеулі үлес қосып жүрген азаматтар құрметке бөленді.

Салтанатты шара барысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылып, онда жергілікті өндірушілердің өнімдерін ұсынылды. Көрмеде ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібінің өнімдерімен қатар, өңірдің әр ауданына тән, өзіндік ерекшелігімен танымал тауарлар кеңінен таныстырылды. Қорытынды есеп бойынша бас жүлде Алтай ауданына бұйырды.

Айгүл Құттыбаева, Алтай ауданы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы:

Ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күнімен көрмеге қатысушылардың барлығын шын жүректен құттықтаймын! Бүгін әр аудан көрмеге барын салып, өздерінің жетістіктері мен мүмкіндіктерін жан-жақты таныстырды. Біздің ауданға келетін болсақ, өз көрмемізде шағын шаруашылықтардан бастап, ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының өнімдерін кеңінен таныстырдық. Ең бастысы, ұсынылған өнімдердің барлығы табиғи. 

Сонымен қатар өңірдің ауыл шаруашылығы саласының өкілдері аграрлық салада қолданылатын заманауи технологиялармен де танысты. Әсіресе, ауыл шаруашылығы алқаптарын тиімді әрі сапалы өңдеуге мүмкіндік беретін заманауи техникалар көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды.

Виктор Плутахин, «Дизель Агро» ЖШС директоры: 

Бүгін біз заманауи әрі сұранысқа ие технологиялардың бірі – ауыл шаруашылығы алқаптарын дрон-бүріккіштер арқылы өңдеу технологиясын ұсынып отырмыз. Көрмеде сыйымдылығы әртүрлі үш дрон-бүріккіш қойылған. Бұл – фермерлерге егістік алқаптарын тиімді әрі сапалы өңдеуге, уақыт пен еңбек ресурстарын үнемдеуге мүмкіндік беретін озық технологиялардың бірі.

Ауыл шаруашылығын дамыту – өңір экономикасының басым бағыттарының бірі. Аграрлық сала өкілдерін қолдау, өндіріс орындарын жаңғырту, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту және мал шаруашылығын дамыту саланың әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары да жыл сайын артып келеді. 

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі: 

Жыл басынан бері ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 460 млрд. Теңгенің үстіндле болып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 процентке өсім қалыптасты. Шығыс қазақстан еліміздегі азық-түлік өнімдерін өндәруші жетекші өңірлердің бірі. Облыс өсімдік майы, тұздалған ірімшік, бал өндіру бойынша республикада алдыңғы қатарда. Ал балқытылған ірімшік, консервы, жаңа ауланған балық және шұжық өнімдері бойынша екінші орында келеді. 

Марапатталғандардың қатарында ауыл шаруашылығының түрлі салаларында еңбек етіп жүрген азаматтар бар. Олардың әрқайсысы саланың дамуына өзіндік үлес қосып, еселі еңбегімен өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға атсалысып келеді. Кәсібилігі мен өз ісіне деген адалдығы үшін марапатталғандардың қатарында Анар Тұмашинова да бар. Ол жолдасы екеуі марал шаруашылығын қолға алып, осы саланы дамытуға күш салып келеді. 

Анар Тұмашинова, кәсіпкер:

Мен үшін бұл марапат өте қымбат менің еңбегімді бағалағандары үшін. Бұл менің алдағы өмірде одан ары өзімнің туған жерімді дамытуға үлес қосуыма жігер беріп отырады. Менің ойымша әрбір адам өзінің туған жерін ұмытпау керек. Әрбір адам қай жерде болмасын қандай жетістікке жетпесін өзінің туған жеріне ауыла келіп дамуына үлес қосса ол өте керемет деп ойлаймын. 

Мерекелік шара өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды. Ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлес қосып жүрген, адал еңбегімен ел ырысын еселеп жүрген еңбек адамдарының еңбегі өлшеусіз екені анық.  

Салтанат Кеңесбекқызы


Бөлісу