Негізгі Жаңалықтар Шипажай жаңартылды

Шипажай жаңартылды

Облыста туристік инфрақұрылымды дамытуға басымдық беріліп отыр. Өңірдің табиғи әлеуетін тиімді пайдаланып, демалыс орындарының сапасын арттыру – осы бағыттағы негізгі міндеттердің бірі. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Глубокое ауданындағы «Изумрудный» шипажайына барып, мұнда жүргізілген жөндеу жұмыстарымен танысты. 

Таулы аймақта орналасқан шипажай 2000 жылдан бері жұмыс істейді. Табиғаты көркем аумақтағы демалыс орны бүгінде емделіп, денсаулығын нығайтқысы келетін жандарға қызмет көрсетеді. Мұнда қонақтардың жайлы тынығуы үшін инфрақұрылым жаңартылып, қажетті жағдай жасалған. Аймақ басшысы шипажай жұмысын аралап көріп, өңірдің туристік әлеуетін дамытуда кәсіпкерлердің үлесі зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, Шығыс Қазақстанның табиғи байлығын тиімді пайдалану және туристерге қолайлы жағдай жасау – саланы дамытудың маңызды тетігі.

Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Біздің облыста бүгінгі күні бір мезетте 22 мың адамды қабылдай алатын 447 орын бар. Соның бірі – «Изумрудный» шипажайы. Биылғы жылдың 9 айының өзінде туризм саласына 12 млрд инвестиция құйылыпты. Жыл өткен сайын өсе беретіні белгілі. Цифрлардың артында көзге елене бермейтін қызметкерлердің еңбегін ерекше айтқым келеді. 

Шипажайда емдік-сауықтыру процедураларының бірнеше түрі ұсынылады. Олардың қатарында массаж, физиотерапия, пантамен және емдік балшықпен емдеу, сонымен қатар түрлі ванналар бар. Бұдан бөлек, белсенді демалысты ұнататындарға спорт алаңдары мен бассейн қарастырылған. Балаларға арналған ойын алаңы да бар. Ал табиғат аясында тынығуды қалайтындар балық аулай алады. Нысанда әртүрлі санаттағы 27 нөмір жұмыс істейді. «Изумрудный» шипажайына алғаш рет келіп, ем алып жүргендер де бар. 

Надежда Сологубова, демалушы:

Менің жасымда демалып тұру керек. Ас мәзірі мен қызмет көрсету сапасы өте жақсы. Мысалы, ванна қабылдаймын, содан кейін шай ішіп, диванда біраз демаламын да, келесі процедураға барамын. Мен қарағай бөшкесіне түсіп, тұзды және скипидарлы ванналар қабылдадым.

Жаңартылған инфрақұрылым мен емдік-сауықтыру қызметтері «Изумрудный» шипажайының мүмкіндігін кеңейте түседі. Мұндай демалыс орындарының дамуы ішкі туризмді жандандырып, Шығыс Қазақстанның туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етеді. 

Диана Акшалова, «Изумрудный» шипажайының медициналық қызмет жетекшісі:

Бізге Қазақстанның түкпір-түкпірінен емдік-сауықтыру және СПА-косметологиялық қызметтер алу үшін пациенттер келеді. Бірі денсаулығын нығайтуды көздесе, енді бірі жай ғана демалып, бой сергіткісі келеді. Шипажайымыздың басты ерекшеліктерінің бірі – пантамен емдеу. Өзіміздің марал шаруашылығымыз бар. Қалаға жақын орналасқандықтан, алысқа барудың, жолға көп уақыт жұмсаудың қажеті жоқ. Шикізатты өзіміз дайындаймыз. 

Сапар барысында облыс әкімі шипажай иесі Александр Чиликинге ҚР Президентінің Жарлығымен берілген «Ерен еңбегі үшін» медалін табыстады. Бұл – кәсіпкердің еңбегіне берілген баға әрі өңір экономикасы мен туризмінің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды қолдаудың бір көрінісі.

Фатима Тілейханқызы



Бөлісу