ҚХР-дың Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Қарамай қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің цифрлық технологияларды дамыту және ынтымақтастық форумы өз жұмысын бастады. Халықаралық алаңда Қазақстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресей Федерациясынан келген делегациялар бас қосты. Шығыс Қазақстан облысының атынан форумға педагогтер, кәсіпкерлер, саяси партия мүшелері, IT-компаниялар мен медиа саласының өкілдері қатысты.
Үш күнге созылатын форум аясында сарапшылар жасанды интеллект, экономиканы цифрландыру және есептеу инфрақұрылымын құру мәселелерін талқыламақ. Форумның басты мақсаты – ШЫҰ елдерінің цифрлық даму саласындағы әлеуетін біріктіру болмақ.
Сымбат Рамазанов, Шығыс Қазақстан облысы туризм кеңесінің төрағасы:
Бұл — тәжірибе алмасып, өз ойларымызбен бөлісетін алаң. Мұнда жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды экономиканың әртүрлі салаларында қолдану мәселелері талқыланады. Мұндай форум жылына бір рет өтеді. Биыл Қазақстан делегаттары осындай форумға екінші рет қатысып отыр. Әрине, бұл бағытта қандай жобаларды дамытамыз — сол жөнінде де пікір алмасамыз. Алдағы үш күнде әртүрлі тақырыптық форумдарға қатысып, өзімізге керегін алсақ деген ойымыз бар.
ШЫҰ елдеріндегі цифрлық даму үлгілеріне ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстандық делегаттар өз тәжірибесімен бөлісіп, халықаралық әріптестік орнатуға дайын екендерін жеткізді.
АЙНАГҮЛ ҚҰРМАНҒАЛИЕВА, Д. СЕРІКБАЕВ АТЫНДАҒЫ ШҚТУ ЖОБА МЕНЕДЖЕРІ:
Біздің университет техникалық бағытта болғандықтан, бұл форум біз үшін үлкен мүмкіндік. Цифрлық технологиялар саласында даму үшін, жаңа байланыстар орнатуға таптырмас алаң. Бүгін Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінің делегаттарымен танысып үлгердік. Болашақтағы ынтымақтастық жайында да әңгіме өрбіді. Бұл өз кезегінде университетіміздің дамуына оң әсер етеді деп ойлаймын.
Аталмыш форум мемлекеттер арасындағы тиімді диалог алаңына айналды. Қытай мен Қазақстан жоғары технологиялар саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі.
СЮН ЦЗИЦЗЮНЬ, ҚХР ӨНЕРКӘСІП ЖӘНЕ АҚПАРАТТАНДЫРУ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Цифрлық технологияларды меңгеру барысында бірнеше кезеңге бөліп, әрбір бағытты жан-жақты қарастыруды көздеп отырмыз. Атап айтқанда, технологиялық индустрия мен корпоративтік сектор салаларымен тығыз жұмыс істеу жоспарлануда. Барлық қатысушылардың белсенді атсалысуына сенім білдіреміз.
Қытаймен шекаралас орналасқан Шығыс Қазақстан үшін бұл форум – цифрлық даму бағытын айқындап, жаңа әріптестік байланыстарды жолға қоюға тың серпін берері сөзсіз.
НҰРТАС ҚАЙРОЛДАЕВ