Өңір аумағында алдағы жылыту маусымына дайындық қызу жүруде. Өскемен жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстары қарқынды. Мердігерлер тозған қондырғыларды жаңартып, қайта қалпына келтірген. Мақсат – күн суытқанда тұрғын үйлерге жылуды үздіксіз жеткізу.
Өскемен ЖЭО – шаһарға жылу тарататын ең ірі нысан. 1947 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан станцияның кей жабдықтарының тозу деңгейі 67 пайыздан асқан. Сарапшылардың айтуынша, олардың орнына жаңа қондырғылар орнату қажет. Осыған байланысты кәсіпорында ауқымды жаңғырту жоспары қолға алынды.
Нұрлан Ахметжанов, «Өскемен ЖЭО» ЖШС техникалық директоры:
2025 жылғы инвестициялық бағдарлама шеңберінде жалпы құны 7,5 миллиард теңгені құрайтын ауқымды жобалар қолға алынды. Соның арқасында күл қоймасының құрылысы жүргізіліп, тозығы жеткен бу құбырлары мен қазандықтардың негізгі бөлшектері толық ауыстырылады. Бұл станцияның техникалық мүмкіндігін арттырып, жылу жүйесінің үздіксіз әрі сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған.
Өскемен жылу электр орталығында тарифтерді реттеуге арналған бағдарламалар жүзеге асуда. Жоба энергетика саласын кешенді түрде жаңғыртып, ұзақ мерзімді тұрақты жұмысты қамтамасыз етуге бағытталған.
Жұмагүл Мүсіпова, Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті басшысының м.а:
2025 жылы Өскемен ЖЭО ЖШС 7,5 млрд көлемінде инвестициялық бағдарлама бекітілген болатын. Атап өту қажет, инвестициялық бағдарлама – бұл дегеніміз табиғи монополиялық субъектілерді реконструкциялау, жаңғырту және де оларға күрделі жөндеу жүргізу мақсатында бекітіледі. Осы себептен тарифті инвестициялау мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 3.2 млрд теңге көлемінде жаңа іс-шаралар бекітілген болатын. Аталған іс-шаралар ол – қазандықтардың күрделі жөндеуден өткізу, басқа жөндеуге бағытталған іс-шаралар бекітілген болатын.
Инвестициялық жоба негізгі жабдықтардың жұмыс мерзімін ұзартып, апат ықтималдылығын төмендетеді. Бұл қала тұрғындарын қыс бойы үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек.
Дидар Ерболатқызы