Қыркүйектің соңғы жексенбісі - Еңбек күні. Бұл күн Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 2013 жылы қарашада бекітілді. Мақсат - жастар арасында жұмысшы мамандықтарды кеңінен насихаттау және жұмысшы әулеттерін көпке таныстыру. Қазіргі кезде еңбегімен ерлеген, көпке үлгі болып жүрген азаматтар арасында жастар да жетерлік. Мәселен, Әлібек Мұратбекұлы солардың бірі. Жас маман өзінің кәсібіне адал, әріптестеріне үлгі.
Әлібек Мұратбекұлының Өскемен жылу орталығында еңбек еткеніне 4 жылдан асты. Алғаш жылу автоматикасы және өлшеу құралдарын жөндеу цехына электрослесарь болып жұмысқа орналасады. Алғыр жігіт барлығын бірден қағып алады. Бір нәрсені үйренсем, білсем деген ынтасы кез келген істі уақтылы тындыруға септігін тигізеді. Осы цехтағы шеберлердің нұсқауымен құралдарды жөндеуді үйренеді.
Владимир Соловей, «Өскемен ЖЭО» ЖШС цех шебері:
Жұмысқа алғаш келгенде ол екеуіміз осы жерде монометрлерді тексеруді үйрендік. Сонымен қатар ол құралды технологиялық құрылғыларға орнатуды меңгерді. Ол айтқаныңды бірден қақып алатын. Сондықтан болар барлығын тез үйренді.
Әлібек Мұратбекұлы еңбекқор. Өз мамандығын мақтан тұтады. Оның жұмысқа деген құлшынысын байқаған басшылық 2023 жылы қызметін жоғарлатып, басқа бөлімге ауыстырды. Қазіргі таңда ол жетекші инженер болып еңбек етеді. Инвестициялық жобалау жұмыстарына жауап береді.
Әлібек Байсолтан, «Өскемен ЖЭО» ЖШС жетекші инженері:
Менің мамандығым өзіме қатты ұнайды. Осы жолда ары қарай еңбек етуге дайынбыз. Ұжым өте тату-тәтті. Бірін-бірі қолдауға дайын тұрады. Екіншіден қалаға пайдамыз тиіп жатқанын білу жақсы сезімдер сыйлайды.
Ісіне тиянақты, ортасына сыйлы жас болса да көпке бас болып жүрген азаматтың еңбегін әріптестері де жоғары бағалайды.
Алтай Әділбаев, Ә.Байсолтанның әріптесі:
Әлібектің энергетика саласында істегеніне 5 жыл болды. Ол өте білімді алғыр жас маман. Өз ісіне жауапкершілікпен қарайды. Жан-жақты. Қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысады. Өз білгенін өзгелерге үйретуге әрдайым дайын. Ақкөңіл, мейірімді, ақылды азамат.
Жұмыстан тыс уақытта Әлібек Байсолтан қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысады. Әсіресе, интеллектуалды - куиз ойындарын қалт жібермейді. Жеткен жетістіктері де аз емес. Сондықтан Әлібек Мұратбекұлы өзінің өмірдегі жолын адаспай тапқан арда азамат.
Салтанат Кеңесбекқызы