Шығыс Қазақстан – жоғары білім мен ғылым саласында елдің жетекші өңірлерінің бірі ретіндегі позициясын нығайтып келеді. Өңірдегі бірнеше жоғары оқу орны ауқымды ғылыми, инновациялық және әлеуметтік жобаларды табысты жүзеге асырғаны үшін Үкімет тарапынан жоғары бағаға ие болды. Аталған жобалардың нәтижелерін бүгінде бүкіл Қазақстан аумағында тарату ұсынылып отыр. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен кеңесте белгілі болды. Бұған дейін Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың V отырысында: «Біз білімге, ғылымға және жоғары технологияларға қомақты қаржы салудамыз. Себебі, адам капиталының сапасын арттыру – еліміздің тарихи дамуындағы шешуші кезеңде аса маңызды», – деп атап өткен еді. Бүгінде аймақ осы бағытта жоғары нәтижелер көрсетіп отыр. Әсіресе, ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар мен инклюзивті білім беру саласында жетістіктер көп.

Кеңесте Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің қызметі ерекше аталды. Университет ректоры Сәуле Рахметуллинаның айтуынша, оқу орны жүзеге асырып жатқан негізгі ғылыми-инновациялық жобаларға жоғары баға берілді. Солардың қатарында «Лу Бань» шеберханасы мен оның негізінде құрылған «Smart Driving Technology» орталығы бар. Мұнда автономды көлік пен автопилот жүйелерін әзірлеу бағытында зерттеулер жүргізілуде. Бұл – Қазақстан үшін бірегей инфрақұрылым. Ол бір мезетте ғылымды дамытуға және білікті инженер кадрларды даярлауға қызмет етіп отыр.

Сәуле Рахметуллина, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ ректоры:

 «Smart Driving Technology» орталығында біз автономды көліктер мен автопилот жүйелерін әзірлеумен айналысамыз. Біздің автокөліктеріміз Астана қаласының цифрлық картасын сынақтан өткізу жобасына енгізілді. Бұл картаны Жасанды интеллект министрлігі әзірледі. Ал апробация біздің ұшқышсыз көліктер арқылы жүргізілді. Олар Астана көшелерімен толықтай автономды режимде қозғалды. Қазақстанда мұндай мүмкіндігі бар жалғыз жоғары оқу орны – біз. Бұл ғылымды дамытуға да, білім беруді жетілдіруге де үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Сондай-ақ, министр университетіміздің кадрларды практикаға бағыттап даярлауға негізделген халықаралық CDIO бастамасына енгенін атап өтті. Бұл – халықаралық стандарт. Орталық Азия бойынша осы қозғалысқа қосылған жалғыз жоғары оқу орны – біздің университет.

Сонымен қатар, қолданбалы ғылыми зерттеулерге де ерекше көңіл бөлінген. Университет Қазақстан бойынша алғашқылардың бірі болып «Horizon Europe» аясындағы ірі жобаны жеңіп алды. Бұл жоба титан, бериллий және сирек кездесетін жер металдарын өндіру мен өңдеудің жаңа технологияларын әзірлеуге бағытталған. Бұдан бөлек, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің жұмысы да жоғары бағаланды. Әсіресе, инклюзивті білім беру саласындағы жетістіктері ерекше атап өтілді. Университет проректоры Ирина Ровнякованың айтуынша, бүгінде Шығыс Қазақстан ғылыми жобалардың саны мен сапасы бойынша көш бастап тұр. Ал, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істейтін мамандарды даярлау жүйесі еліміздегі үздіктердің бірі ретінде танылған. 2019 жылдан бері университет базасында «Dana bala» инклюзивті білім беру орталығы жұмыс істейді. Мұнда дефектолог, логопед және арнайы бағыттағы педагогтар даярланады.

Ирина Ровнякова, С. Аманжолов атындағы ШҚУ стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры:

Біз дефектолог мамандарды даярлаумен 30 жылдан астам уақыт бойы айналысып келеміз. Қазір бұл бағыт «арнайы педагогика» деп аталады. Жыл сайын облыс пен республика бойынша білім беру жүйесіне 80–100 маман даярлап шығарамыз. «Dana bala» орталығында заманауи құрал-жабдықтардың кең спектрі бар. Мұнда медициналық аппараттар да, арнайы дайындықты талап ететін құрылғылар да қолданылады. Студенттер бірінші курстан бастап осы жабдықтармен жұмыс істеуді меңгереді. Орталықта сенсорлық, логопедиялық және нейрофизиологиялық зертханалар жұмыс істейді.

Университет ғылыми әзірлемелер мен коммерцияландыру бағытын да белсенді түрде дамытып келеді. Соңғы екі жылда бес өнертабысқа патент және 25-тен астам авторлық куәлік алынған. Көру және есту қабілеті бұзылған балаларға арналған құрылғылар, әдістемелер мен цифрлық шешімдер әзірленуде. Бұл жұмыстарда жасанды интеллект технологиялары да кеңінен қолданылуда. Бүгінде аймақтағы жоғары білім –нақты технология, ғылыми жаңалықтар және әлеуметтік шешімдер арқылы табысты жүзеге асырылуда. Бұл өңір экономикасына тікелей ықпал етіп отыр.

Фатима Тілейханқызы