Өскемендік оқушы Сингапурде өткен халықаралық олипиададан күміс жүлдемен оралды. Олимпиадада әлемнің оннан астам елінен келген жүзден астам жас өрен бақ сынасты. Атап өту керек, Қазақстан беделді байқауға алғаш рет қатысқан.
Артем Маясников жаңа жыл алдында Сингапурға барды. Мектеп оқушысының шет ел асуының басты себебі – математикалық білімін сынау.
Артем Маясниковтың айтуынша, тапсырмаларды орындау қиындық тудырғанымен, есептің шешімін табу ол үшін қызықты болған.
Артем Маясников қазір бесінші сыныпта. Математикадан бөлек, бос уақытында шахмат ойнайды, рубик текшесін жинайды, семсерлесуге барады. Сондай-ақ, кітап оқығанды да жақсы көреді. Жас дарын шет елге шықпас бұрын сол ел туралы аз-кем біліп алуды да жөн көрген.
Білімге құштарлығының арқасында бала талай биіктерді бағындыруды мақсат тұтқан. Төккен тер мен іздемпаздығының арқасында осы олимпиадаға қатысты, дейді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Светлана Тинькова.
Осындай ауқымды білім додасында Артем Маясников алғаш рет еліміздің туын желбіретті. Мұндай жетістік мектептің, елдің мақтанышына айналды. Артем Маясников мұнымен шектеліп қалмай, жазғы олимпиадаға қатысуды да жоспарлап отыр.