Күршім ауданы күн санап қарыштап дамып келеді. Барлық салада өрлеу бар. Әсіресе, шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің қосқан үлесі зор. Бұдан бөлек, ауданда жаңа жұмыс орындарын ашылып, екі қолға бір күрек таппай жүргендердің мәселесі де оңды жолға қойылды. Сол арқылы аудан экономикасын дамыту, бюджет кірістерін ұлғайтуға мүмкіндік туды. Күршімдегі өзгеде бастамалар жайлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Күршім ауданында ілкімді істер қолға алынып, ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қай салада болсын өсудің оң динамикасы байқалады. Халықты жұмыспен қамту көрсеткіші де жақсы. Биыл ауданда 932 жұмыс орны ашылған. Оның 508-і тұрақты, ал 454-і уақытша. Бұдан бөлек, «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша қазір аудандағы 10 елдімекенде 28 тұрғын үй салынып жатыр.
Аудандағы жарықтандыру, абаттандыру, жол жөндеу мәселелері де біртіндеп шешілуде. «Жол жылы» аясында облыстық маңызы бар «Күршім-Қалжыр-Бурабай» автожолының 15 шақырымы орташа жөндеуден өтті. Аудандық маңызы бар жолдарға да көңіл бөлінуде. Аудан халқының 80%-ға жуығы кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз етілген. 2027 жылдың соңына дейін күршімдіктерді толық интернетпен қамтамасыз ету көзделген. «Таза Қазақстан» республикалық акциясы бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Келер жылы Күршім ауылында спортты дамыту үшін денешынықтыру-сауықтыру кешенін салу жоспарланған.