Бүгінгі күннің басты міндеті - өңір спортын жан-жақты жетілдіріп, тиімді реформаларды жүзеге асыру. Өткен жылы спортпен айналысатын халықтың үлесі 42%-ға өскен. Биыл да бұл көрсеткішті ұлғайтып, өңір спортшыларын қолдау шаралары игі жалғасын табады. Спорт саласындағы жұмыстарды жақсарту үшін облыста дене шынықтыруды дамыту орталығы ашылды. Жалпы, бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Қысқы Азия ойындарына жерлестеріміздің дайындығы қандай? Бұл сұрақтарға сала мамандары жауап берді.
Облыста 1687 спорт нысаны бар. Оның 1116-сы ауылдық жерде орналасқан. Қазіргі уақытта 10 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның 6-ы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, шаңғы роллер трассасы, тау шаңғысы базасы және спорттық модулі. Оған бюджеттен 5,5 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген.
Ал, 2025 жылы Харбинде өтетін IX Қысқы Азия ойындарына қатысатын 23 аймақ спортшысы ұлттық құрама сапында өнерт көрсетеді. Бүгінде олар түрлі халықаралық, республикалық спорттық шараларға қатысып, дайындықтарын шыңдап жүр.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бұқаралық және балалар спортын дамыту бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылып жатыр. Осы уақытқа дейін өңірде 195 спорттық шара өтті. Алдағы уақытта балаларға инклюзивті ойындар, жұмысшы топтар мен қарттар арасында спартакиада ұйымдастыру жоспарда тұр.
Мамандардың айтуынша, 2023 жылы өңір спортшылары ел қоржынына 4359 медаль салды. Оның ішінде 1567 алтын, 1404 күміс, 1388 қола медаль бар.