Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті – елдегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Оқу орыны алпыс бес жылдан астам уақыт бойы аймақ пен бүкіл Қазақстан экономикасына қажетті мамандарды даярлап келеді. Бүгінде университет заман ағымына ілесіп, білім беруде жаңа бағыттар қалыптастыруда. Жыл сайын мұнда білім беру бағдарламалары жаңартылып, жаңа мамандықтар ашылады. Білім ордасы оқыту процесіне көп көңіл бөледі. Университет жетекші кәсіпорындармен және шетелдік жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста. Биыл ШҚТУ студенттерін қандай жаңашылдықтар мен мүмкіндіктер күтіп тұр? Бұл жайында әріптестерім біліп қайтты.

ШҚТУ – бакалаврдан бастап ғылым докторына дейін маман даярлайтын көпсалалы университет. Қазіргі таңда мұнда 85 білім беру бағдарламасы іске асып жатыр. Университеттің басты ерекшелігі – оқу бағдарламаларының жыл сайын жаңартылып отыруы. Бұл ретте әлемдік технологиялық трендтер, еңбек нарығының сұранысы және Қазақстанның ұлттық басымдықтары ескеріледі. Барлық бағдарламалар өңірдің ірі кәсіпорындарымен және стратегиялық серіктестермен бірлесіп жасалады.

Әсия Машекенова, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ академиялық мәселелер жөніндегі проректоры, басқарма мүшесі:

Энергетика саласын дамыту бағытында ұлттық ядролық зерттеу университетінің мамандарымен бірлесіп «Атом электр станцияларын пайдалану» атты жаңа бағдарлама әзірледік. Сондай-ақ, «Инженерлік инновациялар» және «Экологиялық қауіпсіздік және тұрақты даму» бағыттарына тоқталғым келеді. Мұнда біз химия және биология пәндерінің аясын кеңейттік. Бағдарламалар кәсіпорындардың сұранысына сай жасалды.

Қолға алынған жаңа бағдарламалардың бірі – «Жасанды интеллект». Оқу жоспарына жасанды интеллектінің теориялық негіздерімен қатар, машиналық, компьютерлік оқыту, практикалық дағдыларды дамыту және басқа да негізгі бағыттар кіреді. Мұндағы «Industrial AI» құзыреттік орталығы ерекше рөл атқарады. Биыл ШҚТУ цифрлық технологиялар, энергетика, қауіпсіздік, агроинновациялар, экология, инженерлік-зерттеу, жоба менеджменті және «жасыл химия» сынды салаларды қамтитын 11 жаңа білім беру бағытын ашты.

Ольга Петрова, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ Жер туралы ғылымдар мектебінің қауымдастырылған профессоры:

Бұл – қоршаған ортаны қорғау және сауықтыру зертханасы. Мұнда биылдан бастап «Қоршаған орта химиясы және тұрақты даму», «Жасыл химия және тұрақты даму», сондай-ақ «Сейсмология» атты жаңа білім беру бағдарламалары бойынша сабақтар өтеді. Бұл бағдарламалар тау-кен металлургия, энергетика және өзге де салалардағы инженерлік кадрларға деген сұраныс жоғары болған соң ашылды.

Бұдан бөлек, университетте ерекше білім беру орталығы – «Лу Бань» шеберханасы жұмыс істейді. Мұнда студенттер көлік технологиялары мен смарт-инжиниринг саласындағы дағдыларды меңгереді. Атап айтқанда, электромобильдерді диагностикалаудан бастап «ақылды» қала моделін құруға мүмкіндіктері бар. Орталықта «Көліктің инновациялық құрылымдары» және «SMART-технологиялар» атты екі арнайы зертхана бар.

Сәкен Оралбек, Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ магистранты:

Осы «Лу бань» шеберханасы 2023 жылдың желтоқсан айында іске асырылыған. Осы жоба аясында біздің 15 мұғалім Қытайда 2 рет тағылымдамадан өтіп, біліктіліктерін арттырды. Бізде жаңа мамандық та ашылды. Автомобиль көлігі саласындағы «смарт технологиялар» және «жасанды интеллект». Сонымен қатар бізде бұрыннан «көлік және көлік техологиялары» мамандығы бар. Осы мамандықтардың бағдарламалары жаңартылып, қазір студенттер білім алып жатыр.

«SMART-технологиялар» зертханасында жұмыс істейтін мамандар мен студенттер осы уақыт аралығында көптеген жетістіктерге жеткен.

Елжан Айдарханов, «SMART-технологиялар» зертханасының ғылыми қызметкері:

Біз осы зертхана негізінде студенттермен бірге «isana» роботын жасап шығардық. Оның алдында Лондонда өткен халықаралық көрмеде «смарт гид» жобасын апарған едік. Ол жоба сол жақтағы ғылыми қызметкерлер мен халықаралық эксперттердің жоғарғы бағасын алып келді.

Университетте оқуға қабылдау комиссиясы 25–тамызға дейін жұмыс істейді. Мамандарды даярлау әрдайым бизнес және өндіріс өкілдерімен тығыз байланыста жүргізіледі. Бүгінгі таңда бұл шаралардың барлығы дерлік өз нәтижесін беріп отыр. ШҚТУ түлектерінің 96%-ы өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына толықтай мүмкіндік бар. Бұдан бөлек, университет халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып келеді. ШҚТУ сегіз бағдарлама арқылы шетелдік серіктеcтермен ынтымақтастық орнатып келеді. Бұл студенттердің мансаптық мүмкіндіктерін арттыра түседі.


ФАТИМА ТІЛЕЙХАНҚЫЗЫ