Ауыл мектептері сапалы білім беруде өзгеден кем қалмау керек. Самар ауданындағы сала мамандарының ұстанымы осындай. Елді мекендегі мектептердің жыл сайын кабинеттерін жаңарту, жаңғырту жұмыстары іске асырылып келеді. Жалпы ауданда 19 мектеп жұмыс істейді.
Ауданда 10 орта мектеп, 7 негізгі және 2 бастауыш мектеп жас ұрпақты үлкен өмірге дайындау жауапты ісімен айналысып келеді. Соның қатарында Көкжыра ауылындағы Амангелді орта мектебі бар. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап қызмет етіп келе жатқан мектепте жүзге жуық бала оқиды. Мектеп жанында екі шағын орталық бар. Шағын білім мекемесі болса да білім көрсеткіші жоғары. Екі жыл бұрын ғана білім берудегі үздік көрсеткіштері үшін «Облыс әкімінің білім грантын» жеңіп алған.
Түлектері бүгінгі таңда Қытай, Ресей, АҚШ, Түркия елдерінің үздік жоғары оқу орындарында оқып жатқан мектепте биыл бірқатар оң өзгеріс бар. Білім ордасындағы спортзал ағымдағы жөндеуден өткен. Сондай-ақ мектеп тораптары мен асхана жөнделген. Ал, ең үлкен жұмыс осы жылдың күзінде мектеп кітапханасын жаңғырту жобасы аясында жүзеге асты. Орталықтың заманауи талаптарға сай жаңаруына облыстық бюджеттен 10 млн теңге қаржы жұмсалған. Мектеп ұстазы Жұлдыз Барбосынованың айтуынша, мұндай жаңарту білім сапасын одан әрі жақсартуда үлкен сеп.
Қолайлы жағдай жасалған мектепте жас мамандар легі де үзілмейді. Жыл сайын ұстаздар қатары білім беруге құштар жастармен толығады.
Амангелді орта мектебі ауыл балаларының болашағына сапалы білім, үлгілі тәрбиемен жол салып келеді. Игі іс осымен шектелмейді дейді, мектеп ұжымы.