Өскеменде заңсыз қоқыс алаңдары көбейген. Қаладан шығатын тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, оларды оңтайландыру қажет. Бұл туралы «Байтақ» жасылдар партиясы ұйымдастырған дөңгелек үстелде айтылды. Партия өкілдері мәселені тез арада шешпесе, үлкен проблемаға әкеп соғуы мүмкін деп отыр.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек қала полигоны 98,2% пайызға толған. Ал сұрыпталатыны небәрі 2%-ды құрайды. Аталған мәселе тұрмыстық қатты қалдықтарды басқарудың бірыңғай тұжырымдамасының болмауы салдарынан туындап отыр. Ал оның салдары аймақта экологиялық жағдайдың ушығуына әкеп соғуы мүмкін. Түйіткілді шешуге тың серпін беретін жоба Өскеменде өткен дөңгелек үстел барысында талқыланды.

Жаңа жобада Өскемен қаласының аумағындағы белгіленген және белгіленбеген қоқыс үйінділерін QR-код жүйесіне енгізу көзделген. Осы арқылы тұрмыстық қатты қалдықтардың көлемі мен аумағына мониторинг жүргізуге жол ашылады. Ал анықталған алаңдарды дронның көмегімен картаға енгізу көзделген. Ұсынылған жобаның тиімді екенін шараға қатысушылар растап отыр.

Қоқысты бекітілген орындарға төкпейтін азаматтармен күреспес бұрын, ең алдымен тұрғындардың экологиялық мә¬дени¬етін көтеруге мән берген жөн, дейді шараны ұйымдастырушылар.