Биылғы жылыту маусымындағы тұрғын үй секторындағы өрт саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда артқан. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары брифингте осылай деді. Қайғылы жайттардың негізгі себептері ішінде мас кезде от тұтату, бұзылған электр жабдықтарын пайдалану, пеш жаққанда қауіпсіздікті сақтамау, тіпті балалардың отпен ойнауы да бар.

Өрттің көп үлесі жеке тұрғын үйлерде тіркелген. Биылғы бұл көрсеткіш – 137 жағдай. Қызыл жалын кесірінен және көмірқышқыл газынан улану жағдайларының алдын алу мақсатында департамент қызметкерлері пешті дұрыс пайдаланбау, бұзылған электр жабдықтары бойынша 262 мыңнан астам үйді аралап, 51 мыңға жуық талап бұзушылықты анықтаған. Оның ішінде 19 мыңнан аса заң бұзушылық орнында жойылды.

Құтқарушылар әсіресе, әлеуметтік жағынан осал отбасылардың баспаналарын ерекше бақылауға алған. Өкінішке қарай, көп жағдайда тілсіз жау сол шаңырақтарды шарпып жатады.

Әлеуметтік жағдайы төмен жанұяларға төтенше жағдайлар мамандары көмірқышқыл газын анықтау құрылғыларын да тегін орнатып берген. Биылғы жылыту кезеңінде бұл құрылғының көп пайдасы тіпті. Бір ғана мысал, Катонқарағайдың Жұлдыз ауылында құрылғы ысты сезіп, сигнал қосылған. Соның арқасында 6 адам аман қалды. Оның ішінде бесеуі бала. Қауіпсіздік – ең алдымен жеке жауапкершілік. Өкініштісі, бұған селқос қарайтындар көп. Бүгінде облыста 500-ден аса шаңырақ өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзса да пештерін пайдаланып отыр.