Облыста «Өрт-2024» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті. Сценарий бойынша орман алқабына найзағай түсіп, қатты желдің кесірінен өрттің жайылу аумағы үлкейеді. Бұл жолы өрт сөндірушілер Өскемен, Асу-Бұлақ, Қайыңды және Күршім орманындағы қызыл жалынды сөндірді.

Оқиға орнына келген орманшылар қызыл жалын орман алқабынан тұтанып, көрші ауылға және үш балалар лагеріне тарауы мүмкін екенін болжады. Осы жерге бірден мамандар мен арнайы техника өрттің алдын-алуға жіберілді. Қауіпсіздік мақсатында тұрғындар мен балалар эвакуацияланды.

Жағдай қиындап, мамандар жете алмайтын жерлерге, яғни тілсіз жау күш алған аймақтарға арнап тікұшақ та дайын тұрды.

Жаттығудың барлық шарттары шынайыға жақын. Бұл азаматтық қорғау қызметтерінің орман өрттерінің пайда болуына дайындығын бағалауға мүмкіндік береді.