Аймақта күрделі операцияларға арналған робот іске қосылды
Облыстық Ана мен бала орталығында жаңа роботтандырылған кешеннің көмегімен алғашқы нейрохирургиялық операциялар жасалды. Remebot RM-200 құрылғысы навигациялық жүйемен және жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған. Құны 433 миллион теңгеден асатын заманауи құрал «Самұрық-Қазына» компаниясының қолдауы аясында сатып алынған.
Remebot RM-200 күрделі нейрохирургиялық операцияларды барынша дәл жоспарлауға мүмкіндік береді. Жүйеге компьютерлік және магниттік-резонанстық томография нәтижелері енгізіліп, ми құрылымының үш өлшемді моделі жасалады. Соның негізінде дәрігерлер хирургиялық араласудың қауіпсіз бағытын алдын ала анықтайды. Балалар нейрохирургиясында мұндай дәлдіктің маңызы зор. Өйткені мидың сау тіндеріне зақым келтіру ауыр салдарға әкелуі мүмкін.
Го Цзяньфэн, Remebot компаниясының өкілі (ҚХР):
Мұнда, әсіресе балалар хирургиясы бағытында, үлкен тәжірибесі бар нейрохирургтар жұмыс істейді. Дегенмен біздің робот операцияларды одан да жоғары дәлдікпен жасауға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл технологияны осында алып келіп, жергілікті дәрігерлермен бірлесіп жұмыс істеп жатқанымызға қуаныштымыз. Кеше роботтың көмегімен екі операция жасалды. Роботтандырылған хирургияның негізгі мақсаты – дәрігерге операцияны барынша дәл орындауға көмектесу. Дәлдік көрсеткіші 0,5 миллиметрден де төмен болуы мүмкін. Мысалы, бұл жағдайда дәлдік 0,44 миллиметрге дейін жетеді.
Қазақстанда мұндай бірнеше роботтандырылған кешен қолданылады. Алайда Шығыс Қазақстан облыстық Ана мен бала орталығына орнатылған Remebot елімізде балалар нейрохирургиясына арнайы бағытталған алғашқы кешен болып отыр.
Талант Арыстанбеков, ШҚО Ана мен бала орталығы директорының орынбасары:
Мұндай роботтың іске қосылуы дәрігерлеріміз бен науқастар үшін үлкен мүмкіндік. Енді күрделі операциялардың көпшілігін басқа қалаларда немесе шетелде жасау қажеттілігі азаяды. Жүйе мидың жетуі қиын аймақтарында орналасқан ісіктерге де қауіпсіз операция жасауға көмектеседі. Тағы бір маңызды бағыт – эпилепсияны аз инвазивті әдістермен хирургиялық жолмен емдеу. Бұл біз үшін медицинаны дамытудағы үлкен қадам.
Орталық мамандарының айтуынша, роботтандырылған кешен операцияға дейінгі дайындық пен навигацияның дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар медициналық мекеме базасында жасалатын хирургиялық араласулардың ауқымы кеңейеді.
Бекарыс Энгельс