Негізгі Жаңалықтар Тұғылда балық өңдеу кәсіпорны салынады

Тұғылда балық өңдеу кәсіпорны салынады

Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында өңір үшін маңызды инвестициялық жобаның алғашқы қадамы жасалды. «Zaisan See» ЖШС-нің жаңа балық өңдеу кәсіпорны аумағында капсула салу рәсімі өтті. Мұнда балық өсіруден бастап, оны өңдеу, салқындату, мұздату және сақтауға дейінгі жұмыстар жүзеге асады. Дайын өнім ішкі нарыққа жеткізіліп қана қоймай, шетелге де экспортталмақ.

Жобаға Польша Республикасынан шетелдік инвестор тартылған. Инвестиция көлемі 6 миллион еуроға дейін жетеді. Жаңа кәсіпорын жылына 2 мың тоннаға дейін дайын өнім өндіруге қауқарлы. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Ренат Құрмамбаев, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Қуаныш Рүстембекұлы, жоба инвесторлары мен жауапты мамандар, сондай-ақ Тұғыл ауылының тұрғындары мен ауыл ақсақалдары қатысты.

Ренат Құрмамбаев, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары:

Тарбағатай ауданы Тұғыл ауылында өте үлкен іс-шара болып жатыр. Жаңадан балық өңдеу құрылысы басталуда. Бұл зауводтың қуаттылығы жылына 2 мың тонна балық және 6 млн дана өсімдік Зайсан көліне жіберіледі. Жалпы осы Тұғыл ауылына эканомикасына ауданның эканомикасына үлкен серпін береді. Бізде мына мемлекеттік бағдарлама бар, сол мемлекеттік бағдарламаның арқасында міне осындай ірі-ірі жобалар Шығыс Қазақстан облыснда іске асырылуда. 

Кәсіпорынның негізгі бағыттарының бірі – су айдындарының табиғи мүмкіндігін тиімді пайдалана отырып, балық өсіру. Жоба аясында жылына 30 тоннаға дейін судак шабағын өндіру жоспарланған.Алдағы уақытта Тұғылда балық шаруашылығы мен аквакультура саласына маман даярлайтын колледж ашу көзделіп отыр. Бұл жергілікті жастарды сұранысқа ие мамандықтармен қамтып, ауылдағы жұмыспен қамтуға және жастардың елді мекендерден көшіп кетуін азайтуға мүмкіндік береді.

Владимир Яковлев, «Zaisan See» ЖШС-нің директоры:

Жаңа өндіріс орнының жылдық қуаты 4 мың тонна шикізатты өңдеуге жетеді. Жобаның негізгі бағыты – дайын өнімді ішкі нарықпен қатар Ресей, Еуропа және Қытайға экспорттау. Жоба үш кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде балық өңдеу кәсіпорны салынып, іске қосылады. Екінші кезеңде аквакультура кешені іске қосылады. Ал үшінші кезеңде осы салаға қажетті мамандар даярлайтын колледж салу жоспарланған. 

Кәсіпорынның бірінші кезеңін 2027 жылғы тамызда пайдалануға беру жоспарланған. Болашақта өндіріс көлемін арттырып, балық өңдеу бағытын одан әрі дамыту көзделген. 

Фархат Байбазаров, Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының орынбасары:

Бұл жобада 150 адамға орын ашылады, бұл жаңағы көксерке балығын өсіруден бастап өңдеп ары қарай экспортқа жасайтындай цикл жасалынады. Бастама жаңағы Президентіміздің қолдауымен осы мақсаттарда инвесторларды шақыру балық шаруашылығын дамыту, өңдеу экспортқа шығару осы мақсаттарға сай келіп жатыр. 

Ежелден Тұғыл ауылы тұрғындарының негізгі кәсібі балық шаруашылығы. Жаңадан салынатын кәсіпорын ауылдағы осы бағыттағы екінші өндіріс орны болмақ. Қазір мұнда тағы бір балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істеп, жүзге жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Нұрдәулет Қалибеков

Бөлісу