Негізгі Жаңалықтар Балық аулаудан республикалық чемпионат өтті

Балық аулаудан республикалық чемпионат өтті

Аймақта спиннингпен қайықта балық аулаудан ел чемпионаты өтті. Бұқтырма су қоймасында өткен бәсекеге өңір спортшыларымен бірге еліміздің әр аймағынан келген 8 команда қатысты.

Екі күнге созылған додаға еліміздің түкпір-түкпірінен аймақтық іріктеу кезеңінен өткен кәсіби спортшылар жиналды. Әр команда екі спортшыдан жасақталған.

Антон Долганов, жарысқа қатысушы:

Қиын болды, балық ұсталынбай бірінші күні қиналдық. Ауа райы жақсы болды, бұл бізге үлкен көмек. Жалпы, жарыс үлкен еңбекті талап етеді.

Жарысқа қатысушылардың айтуынша, чемпионат жоғары деңгейде өтіп, тартысты бәсекемен ерекшеленді. Спортшылар үшін бұл дода тәжірибе алмасып, шеберліктерін шыңдауға жақсы мүмкіндік болды.

Әсетхан Досқожанов, жарысқа қатысушы:

Екі күн жарыс өтті жақсы. Осындай керемет ауа райы болды. Жақсы базада өткізілді. Мына үлкен рахмет шығыс федерациясына. Керемет жақсы турнир өткізді. 

Ал, сайыстың әділ әрі талапқа сай өтуін қазылар алқасы жіті бақылауда ұстады. Жеңімпазды анықтау кезінде командалар аулаған балықтардың ұзындығы өлшеніп, нәтижелері есепке алынды. Республикалық чемпионатта Абай облысының намысын қорғаған Жезкент командасының қармағы олжалы болды. Олар 25 балық аулап, жалпы ұзындығы 1387 сантиметр көрсеткішпен үздік нәтиже көрсетті.

Арман Бердинов, жарысқа қатысушы:

Бұл жарысқа бірінші жыл қатысып отырған жоқпыз. Биылғы дайындық та өте ауыр болды, бәсекелестік жоғары, тартысты өтті. Дегенмен, жеңіске жеттік. Өткен жылы да қатысып, бесінші орын алған едік. Ал биыл бірінші орынға ие болдық. Алдағы уақытта қатысушылар саны көбейіп, балық аулау спорты одан әрі дами түссе екен деймін. 

Ал Астана қаласының атынан қатысқан «Yess Fishing Team» командасы екінші орынға ие болды.

Есімбет Қапабаев, жарысқа қатысушы:

Біз бұл чемпионатқа Астана қаласының атынан, «Yess Fishing team» командасы құрамында қатысып отырмыз. Биыл жарысқа екінші жыл қатарынан келдік. Шығыс Қазақстанның табиғаты өте әдемі. Су айдыны да, айналадағы ландшафт та ерекше әсер қалдырды. Жарыс оңай болған жоқ. Алғашқы күндері күн суық болып, ауа райы да біраз сынады. Соған қарамастан, сәтті өнер көрсетіп, екінші орын алдық.

Үздік үштікті Абай облысының «Solo v Lodke» командасы түйіндеді. Сонымен қатар, жарыстың алғашқы күнінде ұзындығы бір метрге жуық балық аулап, «Big Fish» номинациясының жеңімпазы атанды.

Жігер Абишев, жарысқа қатысушы:

 Біз 2 медаль алдық. Бірінші үшінші орын алдық. Екіншісі ең үлкен балық алдық. Ол шортан. 5,5 келі, ұзындығы 96 сантиметр болды, бір метрдей. Сол үшін осы «Big fish» деген медальмізді берді және үшінші орынға медальмізді алдық. Енді осындай чемпионаттар жиі өтсін. Қуаныштымыз. Big fish ұстау оңай емес. Бізге сол бұйырды. Кеше ұйымдастырушылар ішінде ең үлкенін біз алдық. 

Айта кетейік, чемпионат жеңімпаздары енді Қазақстан намысын әлемдік додада қорғайтын болады. Осылайша, Бұқтырмадағы тартысты бәсеке үздіктерге халықаралық додаға жолдама сыйлады.

Кәусар Идаятқызы

Бөлісу