«Бастау» мектебінде заманауи спорт кешені ашылды
Өскемендегі «Бастау» арнайы түзету мектебінде заманауи спорт кешені пайдалануға берілді. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған нысан ашық алаң мен жабық спорт залын қамтиды. Мұнда оқушылар бейімделген спорт түрлерімен шұғылданып, дене шынықтырумен қатар, қоғамдық ортаға бейімделу дағдыларын жетілдіре алған. Жаңа нысан «Казцинк» компаниясының қолдауымен салынды.
Енді мектеп тәрбиеленушілерінің қарамағында кең әрі қауіпсіз спорт алаңы мен арнайы жабдықталған жабық спорт зал бар. Нысан инклюзивті орта талаптарына сай жасақталған. Мұнда балалардың мүмкіндіктері ескеріліп, спортпен еркін әрі қауіпсіз айналысуына жағдай жасалған.
Лилия Мамбурова, «Бастау» арнайы түзету мектебінің директоры:
Мектебімізде ерекше балалардың мүмкіндіктеріне бейімделген арнайы бағдарламалар бар. Қазір адаптивті каратэ, бейімделген гимнастика үйірмелері жұмыс істейді. Ал футбол секциясын ашуды көптен бері армандадық. Бұған дейін балалардың жаттығуына қажетті жағдай болмады. Енді мүмкіндік бар. Білікті жаттықтырушыларымыздың көмегімен алдағы уақытта футбол, волейбол, баскетбол, теннис секілді спорт түрлерін дамытуға жол ашылды. Бұл балалардың денсаулығын нығайтып қана қоймай, олардың қоғамға бейімделуіне үлкен ықпал етеді.
Спорт кешені оңалтуға және қимыл-қозғалысты дамытуға арналған заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мамандардың айтуынша, тұрақты дене жаттығулары балалардың денсаулығын нығайтып, өзіне деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді. Ал спорттағы ортақ мақсат пен командалық ойындар олардың әлеуметтенуіне оң әсер етеді.
Андрей Лазарев, «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры:
Бұл – «Бастау» мектебімен бірлесіп жүзеге асырып отырған екінші жобамыз. Былтыр мектепке жиһаз бен қажетті құрал-жабдықтарды алуға қолдау көрсеттік. Биыл спорт алаңын іске қосып отырмыз. Бұл жерде тәрбиеленіп жатқан балалар үшін спорт – денсаулықты нығайтудың ғана емес, қоғамға бейімделудің де маңызды тетігі. Ұстаздармен бірлесіп, олардың физикалық дамуына және әлеуметтенуіне қажетті қолдауды көрсете аламыз деп ойлаймын.
«Бастау» мектебіндегі жаңа спорт кешені ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолжетімді әрі жайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік берді. Енді тәрбиеленушілер спорттың жаңа бағыттарын меңгеріп, өз қабілеттерін шыңдай алады. Ең бастысы – мұнда әр бала үшін белсенді өмірге және үлкен жетістіктерге бастар жол ашылды.
Нұртас Қайролдаев