Негізгі Жаңалықтар Жол инфрақұрылымы жаңартылуда

Жол инфрақұрылымы жаңартылуда

Марқакөл ауданында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Жол инфрақұрылымы жаңартылып, елді мекендердегі бағдаршамдардың жұмысы ретке келтірілуде. Сонымен қатар жол қозғалысын ұйымдастыруды жақсарту мақсатында жаңа белгілер мен бақылау құралдары орнатылды. 

Жолдағы қауіпсіздік жүргізуші мен жаяу жүргіншінің жауапкершілігіне ғана байланысты емес. Бұл ретте жолдың жай-күйі мен ондағы қауіпсіздік элементтерінің талапқа сай болуы да маңызды. Осыған байланысты аудан орталығында жол инфрақұрылымының бірқатар нысаны жаңартылып жатыр.

Самат Сүлейменов, Марқакөл ауданы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Ағымдағы жылы мектеп маңайындағы аймақтарда жол қауіпсіздігін сақтау аясында жол белгілері орнатылды. Жол белгілерін орнататын мердігер ұйым жазғы күтіп ұстау бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Соның ішінде аудан орталығы Марқакөл ауылында 3 орында жасанды тегістеме орнатылып жатыр. Сонымен қатар 20-дан астам жол белгілері және де аудан орталығында орналасқан 2 бағдаршамдағы жөндеу жұмыстары атқарылды. 

Жолдың жыл бойы қалыпты жағдайда сақталуы — жол қызметтерінің негізгі міндеттерінің бірі. Бұл әсіресе жол желісі ұзын әрі жер бедері күрделі аудандар үшін аса маңызды.

Самат Сүлейменов, Марқакөл ауданы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Жол туралы жалпы Марқакөл ауданы бойынша аудандық маңызы бар жолдың қашықтығы 170 шақырымды құрайды. Бізде ағымдағы жылы мердігер ұйымдармен және конкурстардың нәтижесі бойынша жазғы күтіп ұстау жұмыстары атқарылды. Қыркүйек айында жұмыстар толық аяқталады. Өздеріңіз көріп отырғандай, осы аудан орталығында көпірлерді жөндеу, бағдаршамдарды жөндеу және де осы жол белгілерін орнату бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Сонымен қатар таулы аймақтардағы жолды жазғы күту жұмыстары қыркүйек айының соңына дейін толық аяқталады деп күтілуде. 

Аталмыш жұмыстар аудан орталығын ғана емес, одан тыс аумақтағы жолдарды да қамтиды. Олардың бір бөлігі таулы жерлерде жүргізілуде. Мұндай аумақта жолдарды күтіп ұстау қосымша күш-жігерді қажет етеді. Жоспарланған жұмыстардың барлығын қыркүйек айының соңына дейін аяқтау көзделіп отыр.

Бекарыс Энгельс

Бөлісу