Әлеуметтік маңызы бар тауар бағасына бақылау күшейді
Өскемендегі сауда орындары мен көтерме сауда базаларында тауар бағасына жүргізілген тексерудің қорытындысы шығарылды. Мониторинг барысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын кейбір жеткізушілер негізсіз көтергені анықталған. Жекелеген жағдайларда тауар құны 75 пайызға дейін қымбаттаған. Жауапты органдар делдалдардың заңсыз үстеме бағасын анықтап, бағаны тұрақтандыру бағытында жұмыс жүргізіп жатыр. Тексеру нәтижесі мен анықталған заңбұзушылықтар туралы тілші материалында.
Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына бақылау күшейтілді. Сегіз ай ішінде облыстық Сауда департаментінің мамандары жоспардан тыс 117 тексеру жүргізіп, оның 107-сінде заңбұзушылық фактілері расталған. Электронды шот-фактураларды талдау нәтижесінде сауда үстемесінің заңмен белгіленген 15 пайыздық шегін сақтамағандар анықталған.
Асхат Сағидолдин, ШҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы:
2026 жылдың 8 айының қорытындысы бойынша 117 жоспардан тыс тексеру жүргізілді, сауда саласына қатысты,оның ішінде 107 факті расталды. Заң бұзуға барған кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 75 құқықбұзушылық әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына 15 пайыздық үстемақыдан асыра баға қойып сату фактілері бойынша. Барлық істер дәлелденді, кәсіпкерлерге әкімшілік айыппұлдар салынды. Және бағаны түсіру бойынша нұсқама берілді.
Заң бұзушылықтың түрі мен кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай әкімшілік жауапкершілік көзделген. Ал заң бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері де артады.
Жаңыл Мұқажанова, сатушы:
Бағасын түсіріп береміз, апаларымыз келеді, аталарымыз келеді, бәрінің бағасын түсіріп береміз. Бізде барлығы осындай әлеуметтік бағалармен сатылады. Үстемақыны біз 15 пайыздан асырмаймыз.
Өңірде қазірдің өзінде 12 тиімсіз делдалдық тізбек жойылды.Тіпті күрделі схемалар да анықталған. Өскемендік кәсіпкерлердің бірі өз атына екі дүкен тіркеп, тауарды бір дүкеннен екіншісіне, яғни іс жүзінде өзіне-өзі қайта сатқан. Осылайша тауар бағасына екі рет үстеме қосқан.
Сонымен қатар өңірде маусымдық баға ауытқуын тежеу жұмыстары да жүргізілуде. Былтырғы өнімнің бағасы екі есеге жуық арзандағанымен, жаңа өнімнің құны қымбаттап келеді.Күзгі-қысқы кезеңде бағаның күрт өсуіне жол бермеу үшін тұрақтандыру қорын жергілікті шаруалардан өнімді тікелей сатып алу арқылы толықтыру жоспарланған. Қорға картоп, пияз, қырыққабат және сәбіз секілді көкөністер жинақталады.Ал өңір бойынша қазірдің өзінде 400-ден астам жәрмеңке ұйымдастырылған. Мұнда тауарлар дүкендердегі бағадан 15-20 пайызға төмен бағада ұсынылады.
Бекарыс Әмірбек