Негізгі Жаңалықтар «Кітап оқитын ұлт» марафоны басталды

«Кітап оқитын ұлт» марафоны басталды

Кітап - адамның ой-өрісін кеңейтіп, рухани дүниесін байытатын құндылық. Оқуға деген қызығушылықты арттырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Кітап оқитын ұлт» жобасы қолға алынды. Бастама аясында тұрғындарды кітап оқуға ынталандырып, отандық және әлемдік әдебиетті кеңінен насихаттау көзделген. 

Кітап оқуға қызығушылықты арттыру, жас ұрпақтың әдебиетке деген сүйіспеншілігін қалыптастыру. «Кітап оқитын ұлт» жобасының негізгі мақсаты – осы. Бастама аясында оқырмандарға түрлі шығармаларды ұсынып, кітаптың адам өміріндегі маңызын насихаттау жоспарланған.

Самат Қасенов, ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы:

Біздің жоспарымыз қыркүйек айынан бастап, 2027 жылдың сәуір айына дейін марафонның ережесі таратылып, сол ереже негізінде жұмыс жүргізіп, қорытындысын келер жылдың сәуір айында алып шықсақ па деген ойымыз бар. 

Марафонға жас ерекшелігіне қарамастан, кез келген ұлт өкілі қатыса алады. Басты талап – кітап оқуға деген қызығушылық пен белсенділік. Қатысушылар өздері таңдаған шығармаларды оқып, оқыған кітаптары туралы ой бөліседі. Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафон – тек кітап оқумен шектелмейді. Қатысушыларды ортақ мақсатқа біріктіріп, білім мен руханиятты насихаттауға мүмкіндік береді. Жоба 6 бағыт бойынша өтеді. 

Назымгүл Тлеубекова, А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапхана директоры:

Бірінші бағыт үздік оқырман оқушы 6-10 сынып оқушылары аралығында, 2 бағыт үздік оқырман студент – колледж бен университет студенттері қатысады. 3 бағыт үздік оқырман оқытушы – мектеп, колледж, ЖОО оқытушылары мен оқушылары қатысады. Үздік оқырман әулет 3-тен 5 отбасыға дейінгі адамдар қатыса алады.   

Бұдан бөлек, «Инклюзивті ортадағы оқырман» бағыты ерекше қажеттіліктері бар оқырмандарды қамтиды. Ал «Үздік оқырман қызметкер» бағытына түрлі мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері қатыса алады. Жобаның әр бағытына 15 кітаптан құралған арнайы әдебиеттер тізімі бекітілген. Қатысушыларға қажетті кітаптар тізімін кітапхананың ресми сайтынан алуға болады. Ал сәуір айының басында қатысушылардың барлығы арнайы тестілеуден өтеді.

Аяулым Усинова

Бөлісу