Қазақ күресінен халықаралық жарыс өтті
Ұлан ауданының Асубұлақ ауылында қазақ күресінен халықаралық турнир өтті. Қазақстанның Халық қаһарманы Қасым Қайсеновті еске алуға арналған дүбірлі дода батырдың туған ауылында ұйымдастырылды. Жарысқа 100-ге жуық спортшы қатысып, боз кілемде бақ сынады.
Балуандар бәсекесіне Қырғыз Республикасынан, сондай-ақ Астана қаласы мен Абай, Ақмола, Атырау, Павлодар облыстарынан және Шығыс Қазақстан өңірінен келген спортшылар қатысты. Турнирдің мақсаты – қазақ күресін кеңінен насихаттау, жас спортшылардың шеберлігін шыңдау және Қасым Қайсеновтің есімін ұлықтау.
Қайрат Мазкенов, ШҚО қазақ күресі федерациясының төрағасы:
23 жасқа дейін жастар арасында өтіп жатыр жарысымыз. Еліміздің ең мықты балуандары өнер көрсетуде. Тағы бір ерекшелігі біз бұл жарысқа 4 салмақ дәрежесіндегі қыздарды қосып отырмыз. Ол 52, 56, 60, 65 салмақ дәрежесіндегі қыздарды бұл жарысқа қосып отырмыз. Жалпы салмақ дәреже 11 салмақ дәреже. Ол 7 салмақ ерлер және 4 салмақ дәрежесі қыздар.
Қырғызстаннан келген спортшылар үшін бұл жарыстың жөні бөлек. Олар Шығыс өңіріне алғаш рет келіп, табиғаты мен жарыстың өту барысына оң бағасын берді.
Айзат Қадыралиева, жаттықтырушы (Қырғызстан):
Жарыс жақсы өтіп жатыр. Шығысқа алғаш рет келуіміз. Табиғаты тамаша, ауасы таза, ерекше әсер алып жатырмыз. Қырғызстаннан жарысқа 9 спортшы алып келдік: 6 қыз және 3 ұл. Барлығы да жақсы өнер көрсетіп, өз мүмкіндіктерін барынша көрсетіп жатыр.
Асубұлақ кенті қазақ күресінің көптеген саңлақтарын шығарған киелі мекен саналады. Ауылда спортты дамытуға басымдық беру – жастардың қабілетін ашып, үлкен додаларға жол сілтейді.
Ержан Омарбаев, самбодан екі дүркін әлем чемпионы:
Ауылда көп жарыстар өткізу керек. Себебеі ауылда балалар мықты. Көп чемпиондар ауылдан шығады. ШҚО қазақ күресі федерациясына алғыс айтамын жарысты ұйымдастырып, балаларға жақсы приздар қойып, өте жақсы.
Қуаныш Құмарұлы, Асубұлақ кентінің әкімі:
Осымен екінші жыл қатарынан жарысқа 100-ден астам спортшылар, олардың бапкерлері қатысуда және шетелдерден, Қазақстанның облыстарынан келіп қатысып отыр. Сонымен қатар, осы іс-шараға байланысты аулымызда мерекелік концерт және жәрмеңке ұйымдастырылды.
Жарысқа кіл мықтылар жиналды. Әр спортшының көздегені – жеңіс тұғырынан көрініп, жүлдемен оралу.
Керім Фермабек, жарысқа қатысушы:
Жарысқа Астана қаласынан келдім. Біз бір команда болып келдік. Жарыс жақсы деңгейде өтіп жатыр. 82 салмақ дәрежесінде күресемін.
Фатима Серікбай, жарысқа қатысушы:
Атырау облысынан келдім, 65 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетемін. 11 адам болып келдік, бапкермен 12 адам. 56, 65, 55, 66, 74 салмақ дәрежесінде келдік.
Ұйымдастырушылар биыл екінші мәрте өткізіліп отырған балуандар бәсекесін алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр. Жарыстың басты мақсаты – ауыл жастарының спортқа қызығушылығын арттырып, талантты балуандарға үлкен додаларға жол ашу.