Негізгі Жаңалықтар «Күш - спортта» турнирі өтті

«Күш - спортта» турнирі өтті

«Заң мен тәртіп» қағидасы аясында жастар арасында «Күш – спортта» атты турнир өтті. Спорттық шараны облыстық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды. Жарысқа 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатысып, күш сынасты. 

Турнирде жастар күш сынасып, спорттық шеберліктерін танытты. Қатысушылар бірнеше бағыт бойынша өз мүмкіндіктерін байқап, жоғары нәтиже көрсетуге ұмтылды. Жарыс барысында төзімділік пен ептілік қатар сыналып, үздіктер анықталды.

Мирас Әбілтаев, облыстық «Жастар ресурстық орталығының» маманы:

Бүгін заң мен тәртіп идеологиясы аясында және есірткіге қарсы науқан шеңберінде жастар арасында «Күш – спортта» атты жатып штанга көтеруден турнир өткізіліп жатыр. Біздің жеңімпаздарымызға сертификаттарымыз бар, арнайы дайындап қойған. Олар ММА залына және жаттығу залына. Шамамен 50ге жуық қатысушы бар. 

Жарыс екі салмақ дәрежесі бойынша өтті. Қатысушыларға жарыс алдында қауіпсіздік техникасы талаптары бойынша міндетті нұсқаулық өткізілді.

Антон Зубов, жарысқа қатысушы:

Мен ауыр атлетикамен айналысамын, айналысқаныма 3 жыл болды. бүгінгі жарыста мен 70 келі салмақта шықтым.Қарсыластарым өте мықты болды. Алдағы уақытта тағы жарыстарға қатысып, орындар алуға тырысамын. 

Жарыс қорытындысы бойынша қазылар алқасы үздік спортшыларды анықтады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар мен медальдар табысталды. 90 келіге дейін спортшылар арасында Қанағат Орманбек үздік атанса, 90 келіден жоғары салмақта Ерсін Райымбеков топ жарды. 

Қанағат Орманбек, жарыс жеңімпазы:

Бүгін Өскемен қаласында өткен жарыста «жим лежадан» бірінші орын алдым. Алған бірінші орныма өте қуаныштымын.Бұл жарыс мен үшін маңызды болды. Жеңісімді әке шешеме арнаймын. Қарсыластарым жақсы болды. Өскемен алға! 

Турнирдің мақсаты – жастар арасында спорт пен салауатты өмір салтын насихаттап, тәртіп, жауапкершілік және өз-өзіне деген сенімділікті қалыптастыру. Алдағы уақытта да осы бағыттағы шараларды өткізу жоспарланып отыр.

Бекарыс Әмірбек


Бөлісу