Негізгі Жаңалықтар Білім – кемел келешектің кепілі

Білім – кемел келешектің кепілі

Өскемендегі №46 орта мектепте кәсіптік бағдар беру кездесуі өтті. Оған қала және Ұлан, Глубокое аудандарының оқушылары қатысты. Кездесудің басты қонағы Шығыс Қазақстанның тумасы, Білім инновация лицейінің және Массачусетс технологиялық институты мен Беркли университетінің түлегі Игорь Ганичев. Жиында табысты мансап құрған маман жастармен білім мен кәсіби даму жолындағы тәжірибесімен бөлісті.

Глубокое ауданындағы қарапайым мектептен басталған білім жолы Игорь Ганичевті әлемдегі ең үздік жоғары оқу орындарына алып келген. Халықаралық математикалық олимпиадаларда ел намысын қорғаған ол кейін MIT пен Беркли университетін тәмамдап, Google Brain секілді ірі технологиялық орталықтарда еңбек еткен. Бүгінде әлемдік тәжірибе жинаған маман туған өңірдің оқушыларымен кездесіп, жетістікке жетудің басты қағидаларымен бөлісті.

Досжан Алдаберген, Өскемен Білім-инновация лицейінің директоры:

Игорь Ганичев біздің 2002 жылғы түлегіміз. Үш дүркін олимпиада жүлдегері. IT саласы бойынша әлемдегі номері бірінші университетің түлегі. Түлегіміздің қазіргі келе жатқан жастарға ауылдан шығып та, ШҚО-ның бір қарапайым тұрғыны болып та әлемдік деңгейдегі университетке түсуіне және де компаниялардың бір бас инжинері бола алатынын дәлелдеу мақсатынд арнайы шақыртып кездесу ұйымдастырдық. 

Бүгінде Игорь Ганичев қаржы нарықтарын модельдеу және жаңа технологиялық шешімдер әзірлеумен айналысады. Ол заманауи цифрлық жүйелер мен желілік технологияларды дамытуға да үлес қосып келеді. Маманның айтуынша, табысқа жетудің басты шарты – үздіксіз білім алып, жаңа дағдыларды меңгеру. Осы ретте білім саласының мамандары мұндай кездесулер оқушыларға үлкен мотивация беріп, болашақ мамандығын таңдауға ықпал ететінін айтады.

Анара Матыбаева, «Өркен» Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-әдістемелік орталығының маманы:

Биыл Мемлекет басшысының бастамасымен Цифрландыру және жасанды интеллектке ерекше мән беріліп отыр. Сондықтан бұл бағыттың бүгінгі таңда өзектілігі өте жоғары. Бүгінгі кездесуден кейін жастардың арасында болашақ мамандығын осы саламен байланыстыруға ниеттілер көбейеді деп ойлаймын. Осындай кездесулер жас буынға жаңа мүмкіндіктерді танытып, IT мен жасанды интеллект саласына деген қызығушылығын арттыра түседі.

Игорь Ганичевтің жетістігінің негізі мектеп қабырғасында қаланған. Ол қазіргі Білім-инновация лицейінде оқып жүрген кезінде халықаралық олимпиадаларға қатысып, математикаға деген ерекше қабілетін көрсетуден басталған. Кейін дәл осы дайындық оның әлемдік деңгейдегі университеттерге түсуіне жол ашқан.

Игорь Ганичев, Сандық модельдеу және жүйелік талдау саласының маманы:

Биыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Менің кәсіби жолым да осы бағытпен тығыз байланысты. IT саласында жұмыс істеп, бүгінде жасанды интеллектіні қаржы саласында қолданып, дамытуға тырысып жүрмін. Шығыс Қазақстаннан басталған кәсіби жолым мен тәжірибем жастарға пайдалы болады деп ойлаймын. Себебі жасанды интеллект – бүгінгі күннің басты талаптарының бірі. Сондықтан оның мүмкіндіктерін меңгеріп, осы бағытта білім алу болашақ мамандар үшін өте маңызды.

Кездесу оқушылар үшін ашық диалог алаңына айналды. Олар маманнан халықаралық университеттерге түсу жолдары, ғылымдағы мүмкіндіктер және болашақ мамандықтар туралы сұрап, өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алды.

Күнсұлу Темірхан, мектеп оқушысы:

Маған осы сұхбат өте қатты ұнады. Өзіме пайдалы мәліметтерді көп алды деп айта аламын. Қарапайым адамнан керемет тұлға шыққаны қуантып отыр. Ол ерекше өзіме алған мотивация болды. Ағылшын тідін меңгеруге және IT саласына қызығушылығым арта бастады. 

Ульяна Колганова, мектеп оқушысы:

Игорьдің өзіміздің жерлесіміз Глубокоедан екенін білі және Менің мектебімде оқығанын есту мен үшін ерекше әсер қалдырды. Оның өмір жолы мен кәсіби тәжірибесі бізге үлкен мотивация берді. Менің түсінгенім – адам қай жерде дүниеге келсе де, қандай шағын мектепте білім алса да, өзіне ұнайтын пәнге терең қызығушылық танытып, білімге ұмтылса, әлемнің кез келген жерінде білім алуға мүмкіндік бар.

Игорь Ганичевтің жетістік жолы – білім мен ізденістің нәтижесі. Кездесуге қатысқан оқушылар үшін бұл тәжірибе жаңа мақсаттарға ұмтылуға, өз мүмкіндігін бағалап, болашақ мамандығын дұрыс саралауға берілген үлкен мүмкіндік.

Нұртас Қайролдаев

Бөлісу