Негізгі Жаңалықтар Шығыс спортшылары жеңіспен оралды

Шығыс спортшылары жеңіспен оралды

Қазақстандық спортшылар VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ел намысын абыроймен қорғап, жүлделі орындардан көрінді. Арқан тарту мен стронгмэн сайыстарында топ жарған жеңімпаздарды Өскемен әуежайынан жанкүйерлері мен жақындары зор қошеметпен қарсы алды. 

Халықаралық тартысты додада Шығыс Қазақстан спортшыларынан құралған арқан тартыс командасы ел намысын абыроймен қорғады. Жерлестеріміз үш санаттың барлығында қарсыластарынан басым түсіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Бұл – команданың ұзақ уақыт бойы жүргізген жүйелі дайындығы мен жарысқа тыңғылықты әзірлігінің жемісі.

Ермек Жәпішев, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы:

Еңбегіміздің ақталғанына өте қуаныштымын. Жігіттерге де көп рахмет. Бәріміз намысты қолдан бермей үш дисциплинада да жеңімпаз атандық. Мұның бәрі енді еңбектің арқасы. Біріншіден Спорт басқармасы мен Арқан тартыс федерациясына рахмет айтқым келеді.Осылай бізді оқу-жаттығу жиындарына жіберіп, дайындықты өте керемет деңгейде өткізгені үшін. Көп алғыс! 

Стронгмэн сайысында ел намысын қорғаған Вадим Макарцов та олжалы болды. Жерлесіміз күш пен төзімділікті талап ететін бәсекеде қола медаль иеленген болатын. Спортшы үшін бұл жарыс халықаралық аренадағы тәжірибесін арттыруға мүмкіндік берді.

Вадим Макарцов, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қола жүлдегері:

Қателеспесем 12 елдің спортшыларымен сайысқа түстік. Иран, Ресей, Армения және тағы да басқа мемлекеттер. Барлық қарсыластардың дайындығы жақсы. Әсіресе Иран мен Ресей спортшылары жақсы дайындалған. Ойындарға щамамен екі ай дайындалдым. Бұған дейін де бірқатар сайыстарға қатыстым.   

Жеңіс спортшылармен қатар осы бағытта еңбек етіп жүрген мамандардың да жүйелі жұмысының нәтижесі. Ендігі міндет – қалыптасқан құрамды сақтап, жас спортшыларды осы бағытқа баулу және дайындық сапасын одан әрі күшейту. 

Асқар Можанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Ары қарай да талай белесті бағындыруға тырысамыз. Арқан тартыстың да ұлттық ойындар бағдарламасына енуі жай нәрсе емес. Осы спорт түрі бойынша жас спортшыларды іріктеп, жаттықтырушылар мен педагогтер құрамын қалыптастырамыз. Қазіргі таңда үш жылдан бері қалыптасқан құрамды сақтап тұрмыз. Айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Жігіттер бар қажыр-қайратын салып, еңбектеніп жатыр. Алдағы мақсат – спортшылардың дайындық деңгейін одан әрі арттырып, материалдық-техникалық базаны нығайту және атлеттерімізді жаңа жетістіктерге ынталандыру.   

Жалпы, халықаралық бәсекеде көрсетілген нәтиже- аймақ спортшыларының жоғары деңгейдегі жарыстарға дайын екенін аңғартты. Әсіресе арқан тартыстан бірнеше бағытта еңсерілген белес команданың шеберлігі мен ұйымшылдығын көрсетті. Ал стронгмэннен иеленген қола жүлде өңірде бұл спорт түрінің де біртіндеп дамып келе жатқанын байқатады. Аталмыш қуанышты жайттар спортшыларға ары қарай дайындалып, халқымыздың абыройын асқақтатуға серпін бермек.

Бекарыс Энгельс 



Бөлісу