Ұлттық ұланға күзгі шақыру науқаны басталды
Аймақта Ұлттық ұлан қатарына күзгі әскерге шақыру науқаны басталды. Осыған орай қаладағы 5573 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметке аттанатын азаматтарды салтанатты шығарып салу рәсімі өтті. Биылғы күзгі шақыру науқаны 9 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өтеді.
Ұлттық ұлан қатарында мерзімді қызмет атқаратын сарбаздар әскери дайындықтан өтіп, қызметіне қажетті мамандықтарды меңгереді. «Сарбаз 2.0» бағдарламасы бойынша өзін жақсы көрсеткен үздіктерге жоғары білімді тегін алуға мүмкіндік беріледі. Әскери қызмет – жас азаматтың тәртіп пен жауапкершілігін қалыптастыратын маңызды кезең. Алдағы уақытта сарбаздар Ұлттық ұланның міндеттерін орындауға атсалысады.
Арман Жөргекбаев, ҚР ҰҰ «Шығыс» ӨңҚ штабының ұйымдастыру-жұмылдыру және жасақтау бөлімінің аға офицері:
Бұл мемлекеттік, республикалық және халықаралық іс-шараларды өткізу кезінде міндеттерді атқаратын Ұлттық ұланның бригадасы. Әскери бөлім Астана қаласының орталығында орналасқан.
Ата-аналар үшін ұлдарын әскерге шығарып салу – бойларын қуаныш пен қобалжу сезімі қатар билейтін сәт. Шақырылушылардың әрқайсысы туған-туыстарының ақ батасын алып, жаңа ортаға жол тартты.
Құралай Дүзбаева, әскерге шақырылушының анасы:
Отан алдындағы борышын адал еңбегімен өтесін деп ойлаймын. Кетіп бара жатқан балаларға ақ жол тілеймін, ата-аналарына орала алсын деп, денсаулық тілеймін.
Жас сарбаздар қызмет барысында әскери тәртіпті меңгеріп қана қоймай, түрлі жауапты міндеттерді орындауға бейімделеді. Олардың қатарында мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар іс-шараларға қатысатын әскери бөлімде қызмет ететіндер де бар. Сондықтан бұл кезең әр шақырылушы үшін үлкен тәжірибе мектебі болмақ.
Руслан Нұржанұлы, әскерге шақырылушы:
Дала тәртібін және осы даланың тазалығын тәртіп деген қарауға тиіс екенбіз. Енді біз осы службаны жақсы атқырамыз деген ойламыз.
Енді жас сарбаздар әскери бөлімдегі күнделікті қызметке кіріседі. Алғашқы кезеңде олар белгіленген тәртіпті меңгеріп, әскери ортаға бейімделеді. Қызмет барысында түрлі оқу-жаттығуларға қатысып, өздеріне жүктелген міндеттерді орындауға машықтанады. Бұл кезең олардың бойында жауапкершілік пен жинақылықты қалыптастырып, алдағы өміріне қажетті тәжірибе бермек. Ең бастысы – әскери міндетті абыроймен атқару.
Бекарыс Энгельс