Негізгі Жаңалықтар Тілдер күні өтті

Тілдер күні өтті

Қазақстан халқы тілдері күні мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай облыста «Күш – қазақ тілінде» атты шара өтті. Мерекелік жиынның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, қоғамдағы тілдік бірлік пен өзара түсіністікті нығайту. Шара барысында тіл саясатын жүзеге асыруға үлес қосып жүрген азаматтар марапатталып, түрлі мәдени және танымдық бағдарламалар ұйымдастырылды.

Қазақстан халқы тілдері күні жыл сайын 5 қыркүйекте аталып өтеді. Бұл күн қазақтың ұлы ағартушысы, ғалым, тілтанушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келеді. «Күш – қазақ тілінде» атты облыстық шарада мемлекеттік тілдің қоғамдағы маңызын арттыру, оны кеңінен қолдану және жас ұрпаққа тілдің қадір-қасиетін насихаттау мәселесіне басымдық берілді.

Самат Қасенов, ШҚО Мәдениет басқармасының басшысы:

5 ҚЫРКҮЙЕК ТІЛДЕР КҮНІ, бұл іс-шара ШҚО бойынша барлық мәдениет ошақтарында және тіл орталықтарында ұйымдастырылып жатыр. Бүгін енді жақсы қалыптасып қалған Күш қазақ тілінде деген куиз ортасы қалыптасқан жастардың ортасы бар. 

Мерекелік шара аясында Шығыс Қазақстанның көрікті жерлерін таныстыратын фото-көрме ұйымдастырылды. Көрмелер арқылы өңірдің табиғаты, қазақ халқының әдебиеті мен рухани мұрасы дәріптелді. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге және тіл саясатын жүзеге асыруға атсалысып жүрген азаматтарға да ерекше құрмет көрсетілді. Іс-шара барысында бірқатар белсенді азамат марапатталды. Мерекелік жиын музыкалық нөмірлермен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Болат Кенчимбаев, ШҚО Мәдениет басқармасының бөлім басшысы:

Бүгін Республика көлемінде Қазақстан халқы тілдері күні мерекесі аталып өтуде. Бұл айтулы мереке ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен сәйкес келген. Шара барысында негізгісі ол КҮш қазақ тілінде атты интеллектуалды квиз. Енді бұл ойынға біз кемінде 300ден артық қатысушыны күтіп отырмыз. Соңғы ақпарат бойнша тіркелген 28 команда екен.

Ал шараның ең қызықты бөліктерінің бірі – «Күш – қазақ тілінде» атты квиз-ойыны болды. Қатысушылар қазақ тілі мен әдебиеті, тарихы, мәдениеті және ұлттық құндылықтарға қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сынады. Ұйымдастырушылар мұндай танымдық ойындар мемлекеттік тілді жастар арасында кеңінен насихаттауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Серік Асқабылов, шараға қатысушы:

Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай куиз ойыны ұйымдастырылып жатыр. Осы ойынның тұрақты қатысушымыз. Осы ойынға жастардың қызығушылығы өте жақсы, және орта буын, үлкен буын өкілдері де келіп қатысады. Осындай ойындардың көп болуын тілейміз және ойынның ұймдастырушылары ШҚО Мәдениет басқармасына алғысымыз шексіз.  

Тіл – ұлттың рухани өзегі, ел бірлігінің берік негізі. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру – баршаға ортақ міндет. «Күш – қазақ тілінде» деген ұстаным мемлекеттік тілге деген құрмет пен жауапкершілікті арттыруға бағытталған.

Бекарыс Әмірбек

Бөлісу