Негізгі Жаңалықтар Чемпион-садақшыны салтанатты түрде қарсы алды

Чемпион-садақшыны салтанатты түрде қарсы алды

Өскемен әуежайынан Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы Аяш Қабдоллаеваны жерлестері қарсы алды. Шығыс Қазақстандық спортшы дәстүрлі садақ атудан алтын медаль жеңіп алды. Ол 60 метр қашықтықта «Пута» нысанасына садақ атудан үздік нәтиже көрсетіп, дүбірлі додада топ жарды.

Өскемен әуежайында чемпионды жақындары мен шәкірттері, сондай-ақ дене шынықтыру және спорт басқармасының өкілдері зор ықыласпен қарсы алды. Аяш Қабдоллаеваның жеңісі – барша жанкүйері мен туған-туысына үлкен қуаныш, ерекше мақтаныш. Ал чемпионның өзі бұл жетістікке жету жолы оңай болмағанын айтады.

Аяш Қабдоллаева, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпазы:

Жалпы жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Қатты дайындық жасаған қырғыз балаларымыз. Ашылу салтанатын өздеріңіз көрген шығарсыздар, содан бастап соңына дейін керемет өтті. Жеңіске жету әрине оңай болған жоқ. 51 мемлекеттен таңдалып, 6 адамнан келген. Озықтардың ішінен озып шығу оңай болған жоқ. 

Аяш Қабдоллаеваның спорттағы жетістіктері 2024 жылы басталған. Дәстүрлі садақ атуды келіні Ажар Төлеуханова үйреткен. Ал спортқа дейін ол 30 жылға жуық ұстаздық қызмет атқарған.

Ажар Төлеуханова, облыстық дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті:

Қазақстан шекарасын аттағаннан кейін Шығыс деген жоғалады, Қазақстан болады. Сондықтан Қазақстанның туын көкке көтеріп желбіреткені біз үшін үлкен мақтаныш. Және осындай керемет резонанс тудырамыз деп ойлаған жоқпыз. Бірақ тағдырдың жазуы болар, бұл садақ атудың дамуына үлкен үлес қосары сөзсіз. 

Қазақстан құрамасы сапында Шығыс Қазақстан облысының спортшылары төрт спорт түрінен бақ сынады. Олар арқан тарту, дәстүрлі садақ ату, мас-рестлинг және стронгмен сайыстарында өңір намысын қорғады.

Асқар Можанов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

Спортшыларымыз жалпы есепте Қазақстан құрамасының қоржынына төрт алтын және бір қола медаль салды. Яғни, біз қатысқан спорттың барлық түрінен жүлделі орынға ие болдық. Менің ойымша, бұл – ең алдымен жаттықтырушылар мен педагогтер құрамының сапалы жұмысының, сондай-ақ спортшылардың өз еңбегінің нәтижесі.

Жарыс қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы үздік атанды. Екінші орынды Қырғызстан құрамасы иеленсе, үшінші орын Пәкістан командасына бұйырды.

Аяулым Усинова

Бөлісу