Жасанды интеллект тарихи суреттерді жандандырды
Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы кітапханада ерекше көрме көпшілік назарына ұсынылды. Мұнда қаланың әр кезеңіндегі тыныс-тіршілігін бейнелейтін тарихи фотосуреттер қойылған. Заманауи жасанды интеллект технологиясының көмегімен ескі суреттер жандана түскен. Осылайша көрермен шаһардың жылдар өте қалай өзгергенін жаңаша форматта тамашалай алды.
Жасанды интеллект көмегімен жандандырылған фотосуреттер көрмесі – мультимедиялық жоба. Мұнда нейрожелілер мен толықтырылған шындық технологиялары арқылы көпшілікке таныс суреттерге жаңа мазмұн беріледі. Бүгінде көрмеге 24 фотосурет қойылған.
Светлана Перова, О. Бөкей атындағы қалалық кітапхананың мультимедиа және дизайн бөлімінің меңгерушісі:
Шынында да, бұл – қала қонақтары мен тұрғындарына, әсіресе балаларға арналған өте қызықты көрме. Келушілердің барлығы ерекше әсер алып жатыр. Себебі оның тарихи маңызы бар. Мұнда қаламыздың өткен ғасырдағы келбетін көрсететін орындар бейнеленген. Ол кезден бері біраз уақыт өтті, сондықтан көптеген нысан қатты өзгерген. Ал кейбір суреттерде көрсетілген орындардың бүгінде өзі де жоқ.
Қаланың көне фотосуреттері көрме келушілерінің ерекше қызығушылығын тудырды. Олар суреттерден таныс орындарды тауып, бұл жерлердің бүгінгі көрінісін елестетуге тырысты. Жасанды интеллект көмегімен тарихи кадрлар жанданып, көрерменге қаланың өткеніне жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Ал анимацияның шынайы әрі сапалы шығуы үшін нысандардың өлшемі, түс үйлесімі, композициясы мен әрбір деталі ескеріледі.
Светлана Перова, О. Бөкей атындағы қалалық кітапхананың мультимедиа және дизайн бөлімінің меңгерушісі:
Ең көп уақыт алатыны – бейнероликті жасау процесі. Алдымен идея ойластырып, кейін нейрожелі арқылы видео жасаймыз. Кей жерлерге өзіміз барып, түсірілім жасауға тура келді. Мысалы, дрон арқылы түсірген кездеріміз болды, кейбір материалдарды интернеттен алдық. Бірақ негізінен бұл орындарды өзіміз түсірдік. Яғни қала бойынша жүріп, тарихи фотосуреттегі дәл сол ракурсты түсіріп, кейін өткен мен бүгінді біріктіріп, бейнеролик жасадық.
Көрмеге арналған фотосуреттер көбіне ескі кітаптардан, газет-журналдардан, кейде интернеттен табылады. Алайда табылған бір ғана сурет жеткіліксіз. Екі фотосуретте бір орын бейнеленгеніне көз жеткізу үшін жоба авторлары тарихшылар мен қала тұрғындарының көмегіне жүгінеді. Олар таныс ғимараттар мен көшелерді анықтап, қажетті деректерді нақтылауға және уақыт өте бұл орындардың қаншалықты өзгергенін растауға көмектеседі.
Кәусар Идаятқызы