Негізгі Жаңалықтар Шомылу маусымының қорытындысы

Шомылу маусымының қорытындысы

Шомылу маусымы аяқталғанымен, су айдындарындағы қауіпсіздік мәселесі өзекті. Құтқарушылар жаз бойы сақтық шараларын жүргізіп, қауіпті аумақтарды бақылауда ұстады. Қазір де өзен-көлдерде демалушылар мен балықшылар бар. Мамандардың мәлімдеуінше қауіпсіздік талаптарын сақтап, суға тыйым салынған жерлерге жақындамау қажет. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте айтылды.

Биылғы шомылу маусымы кезінде құтқарушылар су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарын күшейтті. Мамандар жедел әрекетінің арқасында 28 адамның өмірін сақтап қалды. Оның ішінде 8 бала бар. Алайда алдын алу шараларына қарамастан, өңірде 10 адам суға кетті. Қайғылы жағдайлардың барлығы қауіпсіздік талаптары сақталмаған аумақтарда тіркелген.

Алмас Ракишев, ШҚО ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бас маманы:

Облыс әкімінің 25-ші жылғы қаулысы бойынша облыста суға түсуге болатын 23 орын бекітілген. Сонымен қатар суға түсуге болмайтын, тыйым салынған орындар белгіленді. Олардың саны қазіргі таңда 94 учаске болып табылады. Сондай-ақ ағымдағы жылдың басынан бастап жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 164 тыйым салу белгілері орнатылды және 38 қоғамдық құтқарушылар оқытылды. 

Қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету үшін су айдындарында рейдтік шаралар да тұрақты жүргізілді. Оған төтенше жағдайлар қызметінің мамандарымен қатар жергілікті атқарушы органдар мен еріктілер қатысты. Бақылау кезінде анықталған заң бұзушылықтар бойынша тиісті шаралар қабылданды.

Алмас Байжуминов, ШҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

Жыл басынан бері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабы бойынша 102 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Оларға жалпы сомасы 1 миллион 626 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Шомылу маусымы басталғалы бері бұл бағытта 32 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап шағын көлемді кемелерді және оларды тұрғызуға арналған базалар мен құрылыстарды пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін 66 әкімшілік жаза қолданылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 877 мың теңгені құрады. 

Мамандардың ескертуінше, судағы қауіпсіздік талаптарын сақтау тек шомылу маусымында емес, жыл бойы маңызды. Қазір де су айдындарына демалуға және балық аулауға шығатын азаматтар бар. Сондықтан құтқару кеудешесін пайдаланып, белгіленбеген жерлерге бармау қажет. Төтенше жағдай кезінде «112» нөміріне хабарласу керек.

Бекарыс Энгельс 


Бөлісу