Дәрі-дәрмек берудің жаңа тәртібі іске қосылды
Өскемендегі Ана мен бала орталығында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің жаңа тәртібі енгізілді. Медициналық мекеме өңірде алғашқылардың бірі болып ауруханалық фармация бөлімін ашқан. Жаңа жүйенің басты мақсаты – дәрілік заттарды ұтымды пайдалану, емдеу барысындағы қауіпсіздікті күшейту және препараттарды әр науқасқа жеке тағайындауға сәйкес жеткізу. Қазір жоба акушерлік-гинекологиялық бөлімде сынақ ретінде жүзеге асырылып жатыр.
Бұған дейін дәрі-дәрмек бөлімшелерде сақталып, сол жерде таратылатын. Енді бұл жұмыс орталықтандырылған түрде жүргізіледі. Арнайы бөлім мамандары әр науқастың дәрігер тағайындаған емін негізге алып, қажетті препараттарды алдын ала дайындайды. Дәрі-дәрмек есепке алынып, таңбаланып, тиісті бөлімге жеткізіледі.
Салтанат Оспанова, ШҚО штаттан тыс бас фармакологы:
Бүгінде біздің аурухана ауруханалық фармация жүйесі енгізілген пилоттық ұйымдардың қатарында. Бұл тәсіл ең алдымен дәрі-дәрмекті ұтымды пайдалануға және әр препаратты нақты пациентке жеке беруге мүмкіндік береді. Қазір жүйе акушерлік-гинекологиялық бағытта жұмыс істеп тұр. Ал 2027 жылы педиатриялық бөлімге де енгізу жоспарланып отыр. Тәжірибе көрсеткендей, мұндай тәсіл дәрі-дәрмек шығынын айтарлықтай азайтады. Мысалы, Астана мен Алматыдағы көрсеткіштер бойынша үнем 30 пайыздан асады.
Жаңа тәртіп дәрігер тағайындаған емнің нақты орындалуын бақылауға мүмкіндік береді. Өйткені препараттың қай науқасқа, қандай мөлшерде және қай уақытта берілетіні алдын ала белгіленеді. Осы арқылы дәрі-дәрмектің сақталуынан бастап, пациентке берілуіне дейінгі үдеріс толық бақылауда болады.
Толқын Елеусізқызы, ШҚО Ана мен бала орталығының акушер-гинеколог дәрігері:
Қазір біз дәрігерлер ретінде ауруханалық фармация бөлімінің жұмысына көңіліміз толады. Тағайындаған дәрілеріміздің талапқа сай сақталып, әр пациентке жеке дайындалып берілуі біз үшін өте ыңғайлы. Бұл емнің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де мүмкіндік береді.
Жүйе мейіргерлердің жұмысын да жеңілдеткен. Бұрын дәрі-дәрмекті бөлімшенің өзінде жинақтап, әр науқасқа бөлек дайындау қажет болса, қазір бұл жұмыстың басым бөлігі орталықтандырылған бөлімде атқарылады. Мейіргерге дайын, таңбаланған дәрілер жеткізіледі. Бұл уақытты үнемдеп қана қоймай, қателік қаупін азайтады.
Екатерина Борисович, ШҚО Ана мен бала орталығы гинекология бөлімінің аға мейіргері:
Жұмысымызды айтарлықтай жеңілдетті. Әр пациентке арналған дәрі жеке дайындалып, дайын күйінде келеді. Біз үшін бұл өте ыңғайлы әрі қауіпсіз. Қай препараттың кімге арналғанын бірден көре аламыз. Соның арқасында уақытымыз да үнемделеді.
Әзірге жоба акушерлік-гинекологиялық бөлімде сынақтан өтіп жатыр. Алдағы кезеңде жүйені педиатрия бағытына да енгізу жоспарланған. Мамандардың айтуынша, ауруханалық фармация дәрі-дәрмек қозғалысын реттеп қана қоймай, емнің қауіпсіздігін арттырып, дәрілік заттарды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Ең бастысы – әр препараттың өз иесіне, яғни нақты науқасқа дер кезінде жеткізілуі.
Нұртас Қайролдаев